
«Қауіпсіз жол»: Қызылорда- Жезқазған -Шідерті- Павлодар трассасында жүргізушілермен ашық диалог өтті
Республикалық «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы аясында Қарағанды облысында республикалық маңызы бар «Қызылорда- Жезқазған-Шідерті- Павлодар» автожолында ерекше форматтағы акция – «Жолдағы қабылдау» ұйымдастырылды. Игі бастаманың негізгі мақсаты – жүргізушілермен және жолаушылармен ашық диалог орнату, жол қозғалысы мәдениетін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Акцияны Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкерлері ұйымдастырып, оған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және көлік прокуратурасының өкілдері де белсене атсалысты. Іс-шара барысында жолда тоқтатылған көлік жүргізушілерімен және жолаушылармен ашық форматтағы әңгіме өткізілді. Қатысушылар жол қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, құзырлы органдар өкілдерінен заңнамадағы соңғы өзгерістер мен жол қозғалысы ережелерін сақтау талаптары туралы кеңінен мәлімет алды.
-Мұндай форматтағы іс-шаралар қоғаммен тығыз байланысты нығайтып, әрбір азаматтың қауіпсіздігіне бағытталған нақты әрекеттер жасауға мүмкіндік береді. Жолдағы әрбір өмір біз үшін қымбат, — деп атап өтті ұйымдастырушылар. Акция соңында қатысушыларға жолдағы қауіпсіздік туралы кеңестер жазылған ақпараттық парақшалар таратылып, әрбір жолаушыға қамқорлықтың белгісі ретінде профилактикалық жазуы бар бөтелкедегі ауызсу ұсынылды. «Жолдағы қабылдау» — бұл полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын маңызды қадам. Ол барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1010825?lang=kk

Жауап қалдыру