Жолдағы қауіпсіз балалық шақ: Қарағандылық жас инспекторлар республикалық слетке жолдама үшін бақ сынауда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жолдағы қауіпсіз балалық шақ: Қарағандылық жас инспекторлар республикалық слетке жолдама үшін бақ сынауда. Қарағандыда Жас жол инспекторларының (ЖЖИ) облыстық слеті басталды. Ауқымды іс-шараны Қарағанды облысының Полиция департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Слеттің мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында жолда жүру мәдениетін қалыптастыру және қауіпсіздік дағдыларын нығайту. Салтанатты ашылу рәсімі Абай атындағы мектеп аумағында өтті. Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың еңбегіне жоғары баға берді:
– Ерекше алғысымды ұстаздар мен ата-аналарға, сондай-ақ жас инспекторларды дайындауға атсалысып жүрген патрульдік полиция қызметкерлеріне білдіремін. Сіздер елімізді қауіпсіз әрі саналы ұрпақпен көркейтуде үлкен еңбек сіңіріп отырсыздар. ЖЖИ қозғалысы жылдан-жылға маңыздылығын арттырып келеді. Бүгінгі жастар — ертеңгі көшбасшылар, — деді ол. Слетке облыстың әр ауданынан іріктеу кезеңінен өткен 9 үздік команда жиналды. Қатысушылар теориялық білімдерін ғана емес, практикалық дағдыларын да ортаға салды. Жас жол инспекторлары жол қозғалысы ережелерін жатқа білуден, велосипедпен маневр жасаудан, жол қозғалысын реттеу және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сынға түсті. Байқау бағдарламасы қатысушылардың жан-жақты қабілеттерін бағалауға бағытталған. Әрбір тапсырма шынайы өмірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті дағдыларды меңгеруге көмектеседі. Нәтижесінде, барлық кезеңдерден сүрінбей өткен үздік команда тамыз айында көрікті Бурабайда өтетін Республикалық ЖЖИ слетіне жолдама алады. Бұл – Қарағанды жастары үшін еліміздің ең үздік жас инспекторлары атағына таласуға берілетін бірегей мүмкіндік.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1010820?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді