
Жағатал ауылдық округінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай тағылымды кездесу өтті. Бұл шара – тарихтағы қасіретті кезеңдерден тағылым алып, жазықсыз жапа шеккен бабалар рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Аналар кеңесінің төрайымы К.Танатова, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Р.Басшығұл, ауыл тұрғындары, жастар қатысты. Кездесу барысында жастар ісі жөніндегі нұсқаушы Қ.Әмірханова саяси қуғын-сүргіннің себеп-салдары мен оның ел тарихындағы орны туралы мазмұнды баяндама жасап, қатысушылардың назарын осы зұлмат жылдардың ауыр зардаптарына аудартты.
Сонымен қатар ауылдық кітапханашы Д.Дүйсенбинова арнайы ұйымдастырған «Зобалаң жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесін таныстырып, қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлер туралы мәліметтермен бөлісті.
Шара соңында қатысушылар бір минут үнсіздікпен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, рухтарына тағзым етті. Бұл кездесу – өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мен ел тарихына құрмет көрсетуге бағытталған маңызды тағылым сағаты болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-zhagatal/press/news/details/1008799?lang=kk

Жауап қалдыру