
Жетісу облысының аумағында 16 сәуірден 19 маусымға дейін республикалық «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысындағы барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Іс-шара аясында ауылшаруашылық малдың жол бойына шығуына байланысты болатын жол апаттарының алдын алу ерекше назарда.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері көлік жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Олар жануарлардың кенеттен жолға шығу қаупі туралы ескертіп, жылдамдықты төмендетудің маңызына, әсіресе трассаның жанындағы ауылдық аймақтарда сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.
Сонымен қатар, шара ауылшаруашылық малдың иелері және шопандармен өзара іс-қимылға бағытталған. Полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарына малды жол бойында және жол шетінде бақылаусыз ұстаудың қауіптілігін түсіндіреді. Малды жайлауға шығарғанда, қажет болған жағдайда полициямен келісіп, көлік қозғалысы бәсеңдейтін уақыт аралығын таңдау ұсынылады.
Ең қауіпті деп саналған жол учаскелерінде полиция патрульдері малды өткізу кезінде қызмет көрсетеді. Олар малды өткізу орнында қозғалысты уақытша тоқтатып, жол бойындағы жүргізушілерге көмектеседі. Осылайша көлік жүргізушілер малды алдын ала байқай отырып, қауіпті жағдайлардан аман-есен өте алады. Полиция мен мал иелері арасындағы үйлестірілген іс-қимыл жол апаттарының алдын алып, көлік құралдарының кенет тежеуінен және маневрінен туындайтын жарақаттар мен шығындарды азайтуға ықпал етеді.
Құрметті көлік жүргізушілері, ауылдық аймақтардан өтетін жолдарда жылдамдықты төмендетіп, жануарлардың кенеттен жолға шығуы мүмкін екенін ескеріңіздер. Мал иелері мен шопандар, малды жол бойында бақылаусыз қалдырмаңыздар. Жол қауіпсіздігі ортақ міндет екенін ұмытпаңыздар!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1009296?lang=kk

Жауап қалдыру