Ғаламдық көшбасшылар тау аймақтарындағы климаттық дағдарысты талқылау үшін Душанбе қаласында жиналды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2025 жылғы 29 мамыр, Душанбе — Орталық Азия үшін өмірлік маңызы бар мұздықтардың бұрын-соңды болмаған қарқынмен еруі аясында дүниежүзілік көшбасшылар, ғалымдар мен жастар белсенділері заманауи ең өткір сын-қатерлердің біріне қарсы тұру үшін бірікті.

Душанбедегі Hyatt Regency қонақүйінде өткен жоғары деңгейдегі конференцияны БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (ВПП) ұйымдастырды. Іс-шара «Мұздықтардың еру дәуіріндегі ауыл шаруашылығы: құрғақшылықтар, су тасқындары және мұздықтарға тәуелді аймақтардағы тұрақтылық» тақырыбына арналды.

Гибридті форматта өткен конференцияда аймақ министрлері, БҰҰ агенттіктері, ғалымдар, жастар көшбасшылары мен даму серіктестері климатқа төзімді ауыл шаруашылығы мен экожүйелерді қалпына келтіруден бастап, мұздықтарды сақтауға бағытталған саяси механизмдерге дейінгі ауқымды инновациялық шешімдерді талқылады.

Конференция барысында Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы мен агроазық-түлік жүйелеріндегі су ресурстарын басқару мен климаттық өзгерістерге бейімделудің тиімді стратегиялары қаралды. Мұздықтарға тәуелді аймақтарға бейімделген тұрақты және инновациялық тәжірибелерге ерекше назар аударылды.

Қатысушылар су, жер және климат күн тәртібінің өзара байланысын күшейту арқылы агроазық-түлік жүйелерін трансформациялау жолдарын және мұздықтарды сақтау мәселелерін жаһандық азық-түлік және су қауіпсіздігі контекстінде біріктіру тәсілдерін зерттеді. Жастар бастамаларының рөліне және дәстүрлі әрі жергілікті білімді заманауи ғылыми әдістермен ұштастыра отырып, тау аймақтарының тұрақты дамуына бағытталған инклюзивті саясат әзірлеуге ерекше көңіл бөлінді.

Форумда таулы және оларға жақын ойпатты өңірлердегі климаттық тұрақсыздықты азайту жөніндегі трансшекаралық ынтымақтастық тақырыбы да қозғалды. Бұл ресурстар үшін туындауы мүмкін жанжалдар қаупін төмендетіп, аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

«Мұздықтардың жойылуы – бұл алыстағы қауіп емес, қазіргі таңдағы дағдарыс. Ол Орталық Азиядағы тіршілік құралдарына, ауыл шаруашылығына және азық-түлік қауіпсіздігіне қазірдің өзінде әсер етіп отыр», — деді ФАО-ның Тәжікстандағы уақытша өкілі Агаси Арутюнян. — «Біз бұл экожүйелер мен оларға тәуелді миллиондаған адамдарды қорғау үшін аймақтық та, жаһандық та деңгейде бірлесе әрекет етуіміз керек».

Іс-шара қатысушылары өңірлік ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық климат күн тәртібінде (БҰҰ РКИК, БТК, HLPF) келісілген саяси ұстаным қалыптастыруды, сондай-ақ тау аймақтарының тұрақты дамуы үшін жаңа міндеттемелер мен іс-қимыл жолдарын айқындауды көздеді.

Орталық Азия климаттық дағдарыстың алдыңғы шебінде тұр. 2050 жылға қарай аймақ мұздықтарының 50%-дан астамын жоғалтуы мүмкін, бұл 64 миллионнан астам адамның су және азық-түлік қауіпсіздігін қатерге тіреді. Бұл маңызды оқиға мұздықтарға тәуелді өмірлік маңызы бар тау экожүйелерін қорғауға және мұздықтардың жедел жойылуы жағдайында азық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған аймақтық және жаһандық әрекеттерді ынталандыруды мақсат етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1007921?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді