
Облыс әкімі төрағалық еткен жиында шегірткенің таралуына байланысты қазіргі жағдай мен әрекет ету шаралары қаралды.
Өңір басшысы Асхат Шахаров фитосанитарлық мониторингті күшейтуді, көршілес өңірлермен жедел ақпарат алмасуды жолға қойып, қорғау шараларын уақытылы жүргізуді тапсырды. Ол шегіртке ошақтарын алдын ала анықтау, аудандық әкімдіктер, жауапты мемлекеттік мекемелер мен мердігер ұйымдардың үйлестірілген іс-қимылы маңызды екенін атап өтті. Ол химиялық өңдеу жұмыстарының барысына тұрақты бақылау жүргізіп, зиянкестердің егістік алқаптарына таралуына жол бермеуді тапсырды.
«Біз шұғыл әрі үйлесімді әрекет етуіміз қажет. Ең бастысы – шегірткенің егістік алқаптарына өтуіне жол бермей, өнімді қорғау. Аудан әкімдіктері жағдайды бақылауда ұстап, анықталған ошақтар, жүргізілген өңдеу жұмыстары мен кез келген ахуал туралы жедел түрде хабарлап отыруы тиіс», – деді өңір басшысы.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл облыста үйірлі шегірткеге қарсы 513 мың гектар, сондай-ақ саяқ шегірткелерге қарсы 87 906 гектар жерді өңдеу жоспарланған. Саяқ шегірткелермен күреске облыстық бюджеттен 450 млн теңге бөлінген. Аталған қызметтерді көрсету үшін «Ақтөбе-Құнарлылық» ЖШС-мен келісімшарт жасалған.
Бүгінде химиялық өңдеу Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Мәртөк, Темір, Байғанин, Ойыл және Шалқар аудандарында жүргізілуде.
Химиялық өңдеулерге аэрозоль генераторларымен жабдықталған 11 арнайы техника, 55 дана жер үсті бүріккіштер және 6 дана АН-2 ұшақ жұмылдырылған. Өңдеу жұмыстары қолайлы ауа райы жағдайында таңертеңгі және кешкі уақыттарда жүргізілуде. Техника өңдеу учаскелеріне уақытылы жеткізіліп, ошақтарды анықтау мен өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1007272?lang=kk

Жауап қалдыру