
Қоғамдық тамақтану саласының белсенді дамуы жағдайында санитариялық қауіпсіздік мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр. Дәмді тағам – бұл тек аспаздың еңбегі ғана емес, сонымен қатар келушілердің денсаулығы тікелей байланысты болатын санитариялық нормалардың қатаң сақталуы.
Көкшетау қаласында «Dinar» кафесі базасында рестораторларға арналған тәжірибелік семинар өтті. Іс-шараны ұйымдастырушылар – Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.
Семинардың ерекшелігі – оның тәжірибелік бағыты. Қатысушылар тек тыңдап қана қоймай, қоғамдық тамақтану нысанындағы технологиялық процестің дұрыс ұйымдастырылуымен көзбе-көз танысты.
Қалалық басқарма бөлімінің басшысы Руслан Искаков санитариялық ережелердің негізгі талаптары туралы жан-жақты айтып берді. Осы талаптарды сақтау жиі кездесетін бұзушылықтарды болдырмауға, демек, аурулардың таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Руслан Искаковтың айтуынша, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында үй-жайларды дұрыс аймақтарға бөлу аса маңызды. Ағындардың қиылысы болмауы тиіс: лас және таза ыдыстар, шикі өнімдер мен дайын тағамдар, қалдықтар мен дайын өнімдер бір-бірінен оқшауланған аймақтарда орналасуы қажет. Мұндай ұйымдастыру тамақ дайындау кезінде негізгі қауіп факторларының бірі – айқаспалы ластанудың алдын алуға көмектеседі.
Экскурсия барысында семинар қатысушыларына шикізатты қабылдау және сақтау, тағам дайындау, сауда залы және әкімшілік үй-жайлар аймақтарының дұрыс бөлінуі көрсетілді. Сондай-ақ өндірістік бақылауға қатысты түсіндірмелер берілді — тиісті бағдарламаларды қалай дұрыс құрастыру және қолдану, қандай құжаттар қажет және оларды әзірлеу кезінде қандай нормаларға сүйену керек екені айтылды.
Семинар кәсіпкерлер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қатысушылар санитариялық нормалар, тексерулер, құжат жүргізу және басқа да көптеген мәселелер бойынша белсенді түрде сұрақтар қойды. Санэпидбақылау өкілдері барлық сұрақтарға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарына сәйкес жауап берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1006842?lang=kk
Жауап қалдыру