
АСТАНА, Қазақстан – 2025 жылғы 30 мамыр. Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Оман Сұлтандығының Қаржы министрі, Мәртебелі Сұлтан бин Салем әл-Хабси кездесті.
Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды, атап айтқанда «Дунга» жобасын одан әрі дамыту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен орнықты даму саласындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.
Маңғыстау облысында жүзеге асырылып жатқан «Дунга» кен орнын игеру жобасы халықаралық табысты әрі ұзақмерзімді серіктестіктің жарқын мысалы ретінде атап өтілді. Жоба мұнай өндіру көлемін арттыруды, инфрақұрылымды дамытуды және қазақстандық үлесті ұлғайтуды көздейді, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш кадрлар бойынша 100%-ға жеткен.
«Соңғы жылдары Оман энергетика саласында сенімді серіктес ретінде танылды. «Дунга» жобасы – осындай табысты әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың айқын үлгісі. Біз омандық тараптың қосқан үлесін және Мердігердің барлық міндеттемелерді, соның ішінде өңірді дамытуға арналған жыл сайынғы әлеуметтік инвестицияларды орындауға деген адалдығын жоғары бағалаймыз», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
«Жасыл» энергетика болашағын талқылай отырып, Ерлан Ақкенженов: «Қазақстан «жасыл» энергетика мен орнықты дамуды дамыту бағытын белсенді жүзеге асырып жатыр. Мұнай мен газдың елеулі қоры болғанына қарамастан, ел декарбонизацияға бет бұрып отыр. Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 3122 МВт болатын 156 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Біз жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды белсенді дамытып жатқан Оманмен тәжірибе алмасуға мүдделіміз және осы болашағы зор салада бірлескен бастамаларды талқылауға дайынбыз», – деп айтты
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға және энергетика секторының дәстүрлі де, жаңа бағыттарында да ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1008673?lang=kk

Жауап қалдыру