
Бүгін, 27 мамырда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» ұлттық онкүндігі аясында «Бала үні» күні өтуде. Осыған байланысты қала әкімі Әбілқайыр Байпақов Ақтаудағы мектеп парламентінің көшбасшыларымен кездесті.
Кездесуге Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Ғани Құрманғалиев, Маңғыстау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Тілектес Болатбаева және мектеп президенттері қатысты.
Еркін форматта өткен жиында оқушылар қала әкіміне өздерін толғантқан мәселелерін жеткізіп, нақты ұсыныстарын айтты.
– Мектеп педагогтарының заманға сай ашық ойлы болуы біз үшін маңызды. Ол үшін мұғалімдерге қатысты тренинг, семинарларды көбірек жүргізген жөн. Сонымен қатар мектепішілік үйірмелер санын көбейту қажет. Бұл өз кезегінде бос уақытты тиімді өткізумен қатар қылмыстың алдын алу мәселесін шешуге сеп болмақ, деді Ақтау қаласы Т. Әшімбаев атындағы №11 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Ерасыл Қайдар.
Кездесуде жастар тарапынан көтерілген негізгі мәселелердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, қала оқушылары арасында бәскелестікті жою, олардың арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері қозғалды. Сондай-ақ тіл меңгеру, асхана, мамандық таңдау, ҰБТ дайындығына қатысты өтініштер айтылды.
– Биыл облыста жасөспірімдер арасында қылмыс 31 пайызға азайды. Құрметті, оқушылар! Жан-жағыңыздағы балалардың көңіл күйіне қарап, олармен жиі байланыс орнатып жүру керексіздер. Ақтау – балалар үшін қауіпсіз қала. Сол үшін қала әкіміне ризашылығымды білдеремін, деді Маңғыстау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкілі Тілектес Болатбаева.
Жиында айтылған әрбір мәселе шешімін табатынын, ұсыныстар ескерілетінін айтқан қала әкімі ел игілігі үшін кез-келген мәселеде жастарды қабылдауға, олармен жиі кездесу өткізуге дайын екендігін жеткізді. Ал, ақтаулық жалынды жастар өз кезегінде еркін кездесу өткізіп, олардың үнін арнайы тыңдаған шаһар басшысына алғыстарын айтты.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1005932?lang=kk

Жауап қалдыру