Алматы облысында өрт қаупі жоғары маусым мен шомылу маусымы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы облысындағы өрт қауіпті кезеңнің өтуі мен жазғы шомылу маусымына дайындыққа арналған брифинг өтті.

Алғашқы тақырып бойынша баяндама жасаған Алматы облысы ТЖД УГПК бас маманы, азаматтық қорғау майоры А. Мусекенова 26 наурыздан 1 қарашаға дейін өңірде өрт қауіпсіздігі күшейтілген режимде болатынын атап өтті. Табиғи өрттер халыққа, инфрақұрылымға және экожүйеге елеулі қауіп төндіреді. Олардың туындауы ауа райына және тұрғындар мен ұйымдардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау деңгейіне тікелей байланысты. 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда орман өрттері азайғанымен (2 жағдай, былтыр — 6), құрғақ шөптің жану жағдайлары екі есе көбейіп, 44 оқиға тіркелді, жалпы ауданы 182 гектардан асты.

Өрт қаупін азайту мақсатында бірқатар алдын алу шаралары жүзеге асырылды: күштер мен құралдарды тарту жоспары өзектендірілді, байланыс және хабарландыру сызбалары жаңартылды; «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ және «Қазгидромет» РМК-мен метеоболжам мен қашықтықтан зондтау деректерін алу жөнінде шарттар жасалды; Қазавиорманқорғаумен бірлесіп орман алқаптарында әуеден бақылау ұйымдастырылды. Сонымен қатар 89 адамнан тұратын 19 мобильдік топ құрылды, 83 рейд жүргізіліп, 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 796 230 теңге айыппұл салынды.

Әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, Twitter, VK) 259 үгіттік материал жарияланып, БАҚ-та 58 мақала мен 34 радиохабар таратылды. Сонымен бірге 119 елді мекен маңындағы аумақтар құрғақ шөп пен қоқыстан тазартылып, 459 шақырым минералданған жолақтар салынды.

Брифингтің екінші бөлігінде шомылу маусымына дайындық туралы сөз болды. Алматы облысы ТЖД УГО офицері, аға лейтенант Ж. Сариев 2025 жылы ресми шомылу орындарының саны 103-тен 120-ға дейін артқанын атап өтті, олардың бір бөлігі ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Дайындық аясында 4800-ден астам профилактикалық рейд жүргізіліп, шамамен 40 мың үгіт материалдары таратылды. ТЖД, полиция, әскери бөлім және еріктілер бірлесіп патрульдеу ұйымдастырды. Жыл басынан бері 14 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Сондай-ақ су көліктері мен сүңгуір құрал-жабдықтары толық дайындыққа келтірілді.

Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға тек ресми жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.

 

 

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-alm/press/news/details/1006213?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді