
Ауданда көп балалы аналарды марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №862 Жарлығы негізінде ұйымдастырылды. Салтанатты жиында аудан әкімі аппаратының басшысы Ақылбек Айбек арнайы құттықтау сөз сөйлеп, көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік марапаттарын табыстады.
Аудан әкімі аппаратының басшысы өз сөзінде аналардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың отбасындағы ғана емес, ел дамуындағы да маңызды үлесіне тоқталды. «Біздің аудан демографиялық өсім бойынша алдыңғы қатарда. Бұл – сіздердің ұрпақ тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбектеріңіздің жемісі. Қоғамдағы орны бөлек әйел-аналардың құрметке лайық екені сөзсіз», – деді Ақылбек Айбек.
Президент Жарлығына сәйкес биылғы жылы ауданнан 24 ана мемлекеттік марапатқа ие болды. Оның ішінде 4 анаға – «Алтын алқа», 20 анаға – «Күміс алқа» табысталды. Бұл – мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жасалып отырған тұрақты қолдаудың бір айғағы.
Айта кетейік, бүгінде ауданда 12 835 көпбалалы ана тіркелген. Олардың 1 238-і – «Алтын алқа», 3 111-і – «Күміс алқа», 129-ы – «Батыр ана» атағын иеленген. Сонымен қатар, 355 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған. Олар мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік көмектермен қамтамасыз етілуде.
Салтанатты жиын соңында марапат иелеріне жылы лебіздер айтылып, оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен отбасы амандығы тіленді. Марапаттау рәсімі көтеріңкі көңіл-күй мен шынайы алғыстың айғағына айналды.
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-sairam-audany/press/news/details/1006280?lang=kk

Жауап қалдыру