
Сіздерге тағы да жол қауіпсіздігін сақтау өзіңіздің және өзгенің өмірі мен денсаулығы үшін маңызды екенін айтқым келеді. Жол апаттары туралы ақпараттарды сіздерге назар аударып, сақтық шараларына мұқият болуларыңыз үшін және жауапкершілік танытуларыңыз үшін хабарлаймыз! Соңғы бір аптада Атырау облысы аумағына қарасты облыстық, республикалық тасжолдарда, сондай-ақ, ауыліші тасжолында жол апатынан 6 адам қайтыс болды. Ең өкініштісі, жол апатынан қаза тапқандар арасында алты айлық нәресте мен анасы да бар.
20 мамыр күні Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының 796 шақырымы, яғни Құрманғазы ауданының аумағында Toyota Ipsum автөлігі мен Өзбекстан елінде тіркелген Chevrolet Сobalt автокөлігі соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан Toyota Ipsum автокөлігінің 39 жастағы жолаушысы әйел алты айлық нәрестесімен бірге оқиға орнында қаза тапты.
21 мамыр күні сағат түнгі 00:30 шамасында Құрманғазы ауданы, Нұржау ауылында Ваз-21106 автокөлігінің жүргізушісі белгіленбеген жерден өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып құлатқан. 35 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында қайтыс болды. Тағы екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
21 мамыр күні сағат 00:45 шамасында Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының 536 шақырымы тұсында, яғни Мақат ауданы аумағында Toyota Hilux автокөлігінің жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай, көлік аударылған. Жол апаты салдарынан 40 жастағы көлік жүргізушісі мен 36 жастағы жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды.
26 мамыр күні Доссор-Атырау тасжолының Геолог ықшам ауданы аумағында Wall Wingle5 және Камаз жүк көлігі соқтығысып, салдарынан Wall Wingle5 көлігінің жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.
Құрметті жол қозғалысының қатысушылары! Жол апаттарының жиілеуі, жол-көлік оқиғаларының орын алуы баршамызды алаңдатуы қажет. Жол қозғалысының әр сәті жауапкершілікке және саналы түрде қабылданатын қадамдардан тұруы тиіс. Сондықтан да, жоғарыда айтылған жол апаттары туралы ақпараттардан өздеріңізге сақтықтың маңызды екенін түсінесіздер деп ойлаймын!
Жол ережесі қауіпсіздікке негізделген, демек сіздің және өзге де адамдардың денсаулығы мен өмірі жол ережесін барлығы сақтағанда ғана қауіпсіз болмақ. Барар жеріңізге аман-сау жетіңіз, жолда абай болыңыздар!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1005944?lang=kk

Жауап қалдыру