Шығыс Қазақстанда қаржылық қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысында халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыру және экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда өңір аумағында алты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Жанар Тайгаранова Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте хабарлады.

«Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Eolus» жобаларының басшыларына қатысты сот шешімдері шығарылды. Бұл жобалар еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істеген. Келтірілген жалпы шығын 400 миллион теңгеден асты, 250-ден астам адам зардап шекті. Сот үкімімен кінәлі адамдар сотталды. Қаржы пирамидаларын құру, басқару және жарнамалау — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Алаяқтардан қорғану үшін беймәлім немесе тым тиімді ұсыныстарға ақша салмау, компаниялардың заңдылығын және лицензиясының бар-жоғын мұқият тексеру, жылдам пайдаға уәде беретін сөздерге сенбеу, күмән туындаған жағдайда мамандарға немесе құқық қорғау органдарына жүгіну маңызды.

Азаматтардың ыңғайлылығы үшін Агенттік өз ресми ресурстарын ұсынады: сайтында қаржы пирамидаларының тізімі жарияланған, жобаларды нақты уақытта тексеруге арналған Telegram-бот — @baiqa_piramida және өзекті ақпарат берілетін Instagram парақшасы — @afm_rk.

Ерекше назар дропперлік мәселеге аударылуда — яғни азаматтардың өз банк карталарын немесе жеке деректерін алаяқтарға беру арқылы заңсыз схемаларға қатысуы. Өңірде жалпы айналымы шамамен 24 миллиард теңгеге жеткен 6,2 мың «дроп-карта» анықталған. Көбінесе дропперлер — қауіп-қатерге бейім топтардан шыққан азаматтар, атап айтқанда студенттер, зейнеткерлер мен жұмыссыздар. Олар көбіне мұндай әрекеттердің салдарын толық түсінбейді.

Қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында Агенттік алғаш рет Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада ұйымдастырды. ШҚО-дан бұл олимпиадаға 1000-нан астам студент қатысып, төртеуі финалға өтті. Департамент «Қарызсыз қоғам» жобасымен бірлесе отырып, азаматтарға білікті көмек көрсетеді: дәрістер, зияткерлік ойындар мен байқаулар ұйымдастырылады. Бұл шаралар 32 мыңнан астам студентті қамтыды. Сонымен қатар, Агенттік қаржылық алаяқтық пен «көлеңкелі экономикаға» қарсы жобалар аясында «AMANAT» партиясымен және Кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтастық орнатқан.

Егер сіз экономикалық құқықбұзушылықтармен немесе күмәнді қаржылық схемалармен бетпе-бет келсеңіз, келесі мекенжайға хабарласа аласыз: Өскемен қаласы, Новаторов көшесі, 7/2 үй немесе сенім телефоны: 8 (7232) 24-06-05. Басшылық азаматтарды күн сайын қабылдайды. Қаржылық сауатты болыңыз, инвестицияңызды тексеріп, қорғау үшін ресми ресурстарды пайдаланыңыз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1006291?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді