Бұрынғыдан да жылдам: Жамбыл облысында қатерлі ісікті анықтаудың жаңа технологиясы енгізілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысында онкологиялық ауруларды диагностикалаудың заманауи әдісі – экспресс-гистология енгізілді. Бұл зерттеулер жүргізілетін зертхана облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының базасында ашылды. Бұл орталықта жыл сайын 800-ден астам хирургиялық операция жасалады.
Экспресс-гистология – операция барысында алынған тін үлгісін зерттеу әдісі. Ол алдымен мұздатылады, содан кейін микроскоппен талданады. Нәтижелер небәрі 15–20 минут ішінде дайын болады, бұл диагнозды нақтылап, операцияның барысы мен әрі қарайғы емдеу тактикасын жедел түзетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, хирургиялық араласудың дәлдігін арттырады.
Бұрын гистологиялық қорытынды алу үшін тін үлгілері Алматы немесе Астана қалаларына жіберілетін, сол себепті пациенттер нәтижені 2–3 апта күтуге мәжбүр болатын. Облыстық клиника директоры Жандос Сейдахметовтың айтуынша, талдау нәтижесінсіз ем тағайындау мүмкін емес еді.
Сонымен қатар, облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында қатерлі ісікті аз инвазивті әдістермен емдеуге арналған шеберлік сабағы өтті.
Онкохирургия саласының мамандары асқазан, ішек, қалқанша безі, жатыр және аналық без ісіктерін лапароскопиялық жолмен алып тастау әдістерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Бұл тәсіл қазіргі медициналық тәжірибеде кеңінен қолданылып келеді, себебі ол пациент үшін қауіпсіз және қалпына келу мерзімін қысқартады. Аз инвазивті хирургияда үлкен тері тіліктерінсіз, арнайы құралдардың көмегімен ішкі ағзаларға жетіп, операция жасауға болады. Бұл науқастың тез сауығуына, ауруханада болу уақытын қысқартуға және отадан кейінгі асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, онкологиялық ауруларға қарсы күресте жоғары технологиялық әдістерді қолдану – онкологиялық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Соңғы жылдары бұл тәсіл кеңінен таралып, отандық медицинада өзінің тиімділігін дәлелдеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1013370?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді