
Бүгін 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ел көлемінде «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты дәстүрлі «Менің Елім – Менің Туым» республикалық акциясын ресми түрде бастады.
Акцияның басты мақсаты – Мемлекеттік Туға деген құрметті арттыру, елдік сана мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, жастардың бойындағы патриоттық рух пен азаматтық жауапкершілікті нығайту.
Акцияға аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен жас белсенділер атсалысып, қала және аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде ту көтеру рәсімдерін ұйымдастырды.
Партияның «Жастар рухы» жастар қанаты бұл жобаны бірнеше жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келеді. Соңғы үш жылда республика аумағындағы жүздеген елді мекенде Мемлекеттік Ту ілініп, мыңдаған жас өз үндеуін елмен бөлісті.
Биылғы акция аясында да еліміздің барлық өңірлерінде Мемлекеттік Ту орнату, түрлі патриоттық шаралар ұйымдастыру жоспарланған. Аймақтарда бір мезгілде ту көтеру рәсімдері, автокеруендер, флешмобтар, спорттық шаралар және салтанатты жиындар өтуде.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету – әр азаматтың қасиетті борышы. Бұл науқан қоғамда, әсіресе жастар арасында, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. «Менің Елім – Менің Туым» акциясы – рухани жаңғырумен үндесіп жатқан, ұлттың ұлы құндылықтарын ұлықтайтын тағылымды іс.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1013086?lang=kk

Жауап қалдыру