
3 маусым күні Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергеновтың төрағалығымен Кендірлі әуежайының жобалау және құрылыс жұмыстарына арналған кеңес өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес басталған «Кендірлі жерінен әуежай құрылысын салу» жобасын «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны әзірлеуде.
Жиында кәсіпорынның атқарушы директоры Самат Жасұзақов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, жобаны үйлестіру мақсатында ведомствоаралық комиссия құру үшін жергілікті атқарушы органдардың қолдауын сұрады.
Маңғыстау облысы әкімдігі әуежай құрылысына Кендірлі аумағынан 599 гектар жер учаскесін бөлді. Болашақ нысан Кендірлі демалыс аймағынан шамамен 13 шақырым жерде орналасады. Жобаның алғашқы кезеңінде ұзындығы 2200 метр, ені 35 метр болатын ұшу-қону жолағы салынады. Бұл шағын және орташа ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді. Кейін ұшу-қону жолағы кеңейтіліп, ірі жолаушылар ұшағын қабылдай алатындай деңгейге жетеді.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске 57 жұмысшы мен 43 бірлік техника жұмылдырылған. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Кеңес барысында Ербол Ізбергенов жобаның маңыздылығына тоқталып, құрылыс барысын үйлестіру, сапа мен мерзімді сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туризм саласын ұлттық экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Кендірлі – тек Маңғыстау үшін емес, бүкіл еліміз үшін маңызды халықаралық туристік хабқа айналуға қабілетті аймақ. Алайда бұл әлеуетті іске асыру үшін заманауи әуе қатынасы қажет. Бұл – Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Сондықтан жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау қажет. Құрылыс барысын үйлестіретін комиссия жасақталып, туындайтын мәселелер жедел шешілуі тиіс, – деді Ербол Ізбергенов.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1011837?lang=kk
Жауап қалдыру