Медицина қызметкерлері күні қарсаңында біз халық денсаулығын қорғауды мақсат еткен жауапты да маңызды мамандықты таңдаған жас мамандар жайында әңгімелеуді жалғастырамыз.
Бүгінгі кейіпкеріміз – Жантасова Мадина Алтынбекқызы, Айыртау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, жоспарлау және қызметті талдау бөлімінің басшысы.
– Мадина Алтынбекқызы, өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Қызмет жолыңыз қалай басталды?
2023 жылы Астана медициналық университетін «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқуды аяқтаған соң Айыртау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жетекші маман болып жұмысқа орналастым. Бұл жұмыс маған өте қызықты әрі маңызды болып көрінді. Қысқа уақыт ішінде бағалы тәжірибе жинақтап, бүгінде алғашқы еңбек жолымды бастаған бөлімге басшылық етемін.
– Жұмысыңыздың сізді ерекше қызықтыратын тұсы қандай?
Біздің қызметте күн сайын жаңа міндеттер туындайды, олар мұқияттылықты, нақтылықты және кәсіби көзқарасты талап етеді. Бұл жай ғана құжаттармен жұмыс істеу емес – бұл адамдардың денсаулығы мен аудан тұрғындарының санитариялық саламаттылығы үшін жауапкершілік. Еңбегіңнің қоғамға нақты пайдасы тиіп жатқанын сезіну – ерекше қуаныш.
– Алда келе жатқан кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге не тілейсіз?
Құрметті әріптестер! Сіздерді Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз ел алғысы мен қоғамның құрметіне бөлене берсін. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыста табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін!
– Жастарға айтар тілегіңіз қандай?
Жас түлектерді санитариялық-эпидемиологиялық қызметке келуге шақырамын. Бұл жай ғана жұмыс емес – бұл нағыз миссия. Мұнда сіздер өз білімдеріңізді жүзеге асырып, кәсіби тұрғыда өсіп, еліміздің денсаулығын қорғауға шынайы үлес қоса аласыздар.
Жауап қалдыру