Санитариялық қызмет ардагері: Медицина қызметкерлері күніне орай

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында біз халық денсаулығы үшін алдыңғы шепте еңбек еткен жандарды еске алып, құрмет көрсетеміз. Солардың бірі — санитариялық-эпидемиологиялық қызметке төрт онжылдыққа жуық өмірін арнаған Ораз Байгерейұлы Шақабаев.
Ораз Байгерейұлы Қостанай облысы Жангелдин ауданы Торғай ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «гигиенист-дәрігер» мамандығы бойынша аяқтаған соң, бірден еңбек жолын бастап, Торғай облысы Қимия ауданының санитариялық-эпидемиологиялық станциясында бөлім меңгерушісі, кейін бас дәрігері қызметтерін атқарды.
1976–1984 жылдары Жаңадала аудандық санэпидстанциясын табысты басқарды. 1984–1988 жылдары аралығында Торғай облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас эпидемиолог және басшының орынбасары болып еңбек етті.
1988–1992 жылдары ол Қостанай облысында еңбек етті. Бұл кезеңде ол облыстық дезстанция бас дәрігерінің орынбасары, облыстық СПИД орталығының бөлім басшысы, сондай-ақ Қостанай облыстық Қызыл Жарты Ай қоғамының төрағасы қызметтерін атқарды.
Ораз Байгерейұлының қызмет жолындағы ең ұзақ әрі маңызы зор кезең 1992–2013 жылдарға сәйкес келеді. Бұл жылдары ол Торғай облысы, сондай-ақ Ақмола облысының Жақсы, Зеренді және Целиноград аудандарындағы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің түрлі бөлімшелерін басқарды. Оның жетекшілігімен халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ететін маңызды алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар жүзеге асырылды.
Ораз Байгерейұлы — жоғары санатты дәрігер, Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, сондай-ақ «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Целиноград ауданына 90 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Санэпидбақылау комитетінің және Торғай, Қостанай, Ақмола облыстарының денсаулық сақтау басқармалары мен санэпидстанцияларының Құрмет грамоталарына ие болған.
Оның есімі — кәсібиліктің, жауапкершіліктің және іске адалдықтың символы. Ораз Байгерейұлы Шақабаевты кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тілейміз. Оның еңбегі келер ұрпақ медицина қызметкерлері үшін үлгі болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1013540?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді