
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысына қатысты өзекті үш мәселе қаралды.
Алғашқы болып Түркістан қаласы және Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы Дилмурад Нұржанов әскерге шақыру бойынша көктемгі науқанның қорытындысы мен жоспардың орындалуы туралы баяндады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі Д және Е санатындағы отбасылар санын төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Ол әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсетуде мемлекеттік көмектер мен жобалардың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Келесі болып ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ешжан Бектөре Қуандықұлы сөз алып, облыс әкімі бекіткен үш жақты келісімнің алты айлық жоспардан шығуы бойынша орындалуы жайында баяндама жасады. Ол агроөнеркәсіп кешені бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуы мен кейбір бағыттардағы кідірістерге тоқталып, нақты шешу жолдарын ұсынды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров баяндалған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Жоспарлы көрсеткіштерге жету үшін әр бөлім өз жұмысын жүйелі, нақты көрсеткіштерге негізделе отырып жүргізуі тиіс. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы саласындағы келісімдер бойынша жұмыстарды уақытында орындау және әскерге шақыру жұмыстары — басты назарда болуы керек. Ешбір бағыт бақылаусыз қалмауы тиіс. Әрбір тапсырма – нақты нәтиже беруі керек», – деді аудан әкімі.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1014078?lang=kk

Жауап қалдыру