
Бүгін Алматы облысының полиция департаментіндегі гарнизондық жиын жас полицейлердің ант қабылдауымен басталды. Бұл маңызды рәсім – олардың өз борышына, ерлік пен Отанға деген жанқиярлық адалдығына негізделген кәсіби жолының бастауы.
Облыстық департамент басшылығы мен жеке құрамының алдында жас қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарын бұлжытпай орындауға, қызметтік міндеттерін адал атқаруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ант берді.
– Ант – жай ғана сөз емес. Бұл – жүрекпен сезініп, санаңмен қабылдайтын, адалдық пен табандылыққа жасалған қасиетті серт. Осы сәттен бастап сіздер – қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жоғары жауапкершілік жүктеген заң мен тәртіп өкілісіздер. Қызметтеріңізді қалай атқарсаңыздар, халықтың бізге деген сенімі солай болады, – деп атап өтті Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов.
Ант қабылдаумен өтетін гарнизондық жиын – бұл жай ғана рәсім емес. Бұл – моральдық тұрғыда кемелденудің, елге адал қызмет етуге дайын екендіктің көрінісі. Мұндай дәстүрлер жас қызметкерлерге ұрпақтар сабақтастығын, таңдалған мамандықтың маңыздылығын және алғашқы күннен бастап жүктелген жауапкершілікті терең сезінуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1014705?lang=kk

Жауап қалдыру