
Семей қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаменті мен «Сана» жастар қоғамдық бірлестігінің қолдауымен Шәкәрім университетінің базасында «Абай жолы — адал жол» атты пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Аталған іс-шара ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған маңызды жобалардың бірі ретінде өткізілді.
Шараның басты мақсаты — жастар арасында адалдық, әділеттілік және парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, «заң мен тәртіп» қағидатын нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мызғымас көзқарас қалыптастыру.
Пікірсайысқа қала жастары, жоғары оқу орындарының студенттері, белсенді еріктілер, мектеп оқушылары және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар Абай мұрасын негізге ала отырып, адал қоғам құру жолындағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ой-пікірлерімен бөлісті. Олар ұлы ақынның даналығын бүгінгі қоғам талаптарымен ұштастырып, парасатты болашаққа бастайтын жол – адалдық пен әділет жолы екенін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында жастардың азаматтық жауапкершілігі, әділдікке деген ұмтылысы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы белсенділігі айқын байқалды. Дебат соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, үздік дебатерлер дипломдармен марапатталды.
Мұндай пікірталастар – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған нақты қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-abai/press/news/details/1015417?lang=kk

Жауап қалдыру