
Алакөл ауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды
2025 жылғы 5 маусым күні Алакөл ауданында егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік бастама – 200 орындық «Белсенді ұзақ өмір» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шара барысында Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа орталықтың маңыздылығына тоқталып, ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Арынханұлы Мизамбаев өз сөзінде орталықтың қоғам үшін зор әлеуметтік мәні бар мекеме екенін ерекше атап өтіп, ұжымға сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді.
Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатай Бекболатов қариялар қауымының атынан алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Салтанатты шара соңында орталықтың лентасы салтанатты түрде қиылып, жиналған көпшілікке жаңа әлеуметтік нысан таныстырылды.
Аталған орталық – жай ғана мекеме емес, өмірлік тәжірибесі бай, саналы ғұмыр кешкен жандарға арналған жаңа тыныс, жанға жайлы орта. Мұнда зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, физикалық әрі психикалық саулығын нығайтуға жан-жақты жағдай жасалған.
Орталықтың негізгі мақсаты – қарттар арасында белсенді өмір салтын қалыптастыру, оларды қоғам өміріне белсене араластыру, денсаулығын жақсартып, өмірге деген құлшынысын арттыру. Жобаның басты артықшылығы – барлық қызмет түрлерінің зейнеткерлерге тегін ұсынылуы. Әсіресе, жалғыз тұратын және әлеуметтік осал топқа жататын қарияларға ерекше көңіл бөлінеді.
Орталықтың қызмет бағыты кең ауқымды. Денсаулықты жақсарту үшін емдік дене шынықтыру, массаж, фитнес, йога сияқты шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, қариялар үшін қолөнер, бейнелеу өнері, музыка, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық секілді шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді.
Сондай-ақ, орталықта психологиялық және әлеуметтік кеңес беру, танымдық дәрістер мен мотивациялық тренингтер, мәдени-танымдық іс-шаралар және ашық есік күндері тұрақты түрде өткізіледі. Бұл бастамалар егде жастағы азаматтардың жалғыздықты еңсеріп, қоғаммен етене араласуына мүмкіндік береді.
Жоба аясында 6 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Атап айтқанда, терапевт дәрігер, массажист, йога және көркем гимнастика нұсқаушылары, сондай-ақ компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі, музыка мен бейнелеу өнері бойынша үйірме жетекшілері жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге, орталықтың тиімді қызметін қамтамасыз ету үшін 2 бірлік арнайы техника қарастырылған.
«Белсенді ұзақ өмір» орталығы – бұл егде жастағы азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер мекені. Ол олардың өміріне жаңа серпін, мазмұн мен мән береді. Бұл бастама қоғамның ең қымбат қазынасы – қарттарымызға деген құрмет пен қамқорлықтың жарқын көрінісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-ushbulak/press/news/details/1015463?lang=kk

Жауап қалдыру