
Қостанай облысының Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, өңірдегі есірткі ахуалын талқылау және есірткіге қарсы күрес бойынша бірлескен шараларды әзірлеу.
Талқылауға департамент басшылығы мен есірткінің заңсыз айналымының жолын кесумен айналысатын мамандандырылған бөлімшелердің қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында ағымдағы жылдың алғашқы бес айының қорытындылары шығарылып, алдағы жұмыстың басым бағыттары айқындалды.
Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Данияр Дәндібаев өңірдегі жедел жағдай туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 47 келіге жуық есірткі, оның ішінде 2,5 келі синтетикалық зат тәркіленген. Сегіз фитозертхана қызметі тоқтатылып, есірткі таратылатын 500-ден астам интернет-ресурс бұғатталған.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті Екінші басқармасы бастығының орынбасары Сергей Ильиных негізгі проблемалардың бірі – синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің тез пайда болуы екенін атап өтті. Әлемде ай сайын ондаған жаңа химиялық формула тіркеліп отырады, бұл – талдау мен жауап беру әдістерін үнемі жетілдіруді талап етеді.
Сондай-ақ, есірткі зертханаларын анықтау және жою жөніндегі операцияларға қатысатын қызметкерлердің қауіпсіздігі де талқыланды. Мұндай жағдайда улы заттармен байланыс денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді және бұл фактор ведомстволық құрылымдардың ерекше назарында болуы тиіс.
Жұмыс кеңесі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, техникалық құралдарды жаңғыртуға және халық арасында профилактикалық шараларды күшейтуге бағытталған бірқатар нақты шешімдердің қабылдануымен аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-michurin/press/news/details/1016140?lang=kk
Жауап қалдыру