
Астана, 2025 жылғы 9 маусым – Астанаға жұмыс сапары аясында Солтүстік Македонияның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунски екі елдің бизнес-топтары өкілдерінің қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында өткен дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар өзара сауданы, инвестицияларды және туризмді арттыру перспективалары мен мүмкіндіктерін талқылады.
Өз сөзінде Т.Муцунски бұл алаң болашақта өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдіріп, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Солтүстік Македония делегациясы өндірістік-технологиялық секторға инвестициялар тарту және туризмді дамыту мүмкіндіктерін таныстырды.
АХҚО әкімшілігінің қаржы директоры және әкімшілік мәселелер жөніндегі басшысы Б.Тілеубеков дөңгелек үстел өткізу тараптардың мағыналы диалог пен практикалық әріптестікті қолдауға деген ортақ ұмтылысын көрсеткенін атап өтті. Директор экономикалық ынтымақтастықтың негізгі секторларындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге үміт білдірді.
Б.Тілеубеков АХҚО-ның бизнесті жүргізу, мәмілелер мен инвестицияларды құрылымдау мүмкіндіктерін таныстырды. Ол Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында жетекші қаржы орталығында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур және басқаларын қоса алғанда, әлемнің 80 елінен 3 900-ден астам компания тіркелгенін хабарлады. 2018 жылы құрылған сәттен бастап АХҚО алаңы арқылы Қазақстан экономикасына 14,8 млрд доллардан астам инвестиция тартылды.
Инвестициялық ынтымақтастық, туризм және бизнесті жүргізу мүмкіндіктері туралы «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары А.Қожанов, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Қ.Сәдуақасов және «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының кеңесшісі Қ. Алин айтып берді.
Дөңгелек үстелге Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов пен Куманово қаласындағы ҚР Құрметті консулы Эюп Абдулахи қатысты.
Анықтама: «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-skopje/press/news/details/1016121?lang=kk
Жауап қалдыру