
📌 1 маусымда елімізде Балаларды қорғау күні атап өтіледі. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жас ұрпаққа сапалы білім алуға тең қолжетімділік беру және оқу үшін қауіпсіз, қолайлы жағдайлар жасау. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Оқу-ағарту министрлігі арқылы әрбір баланы дамытуға, олардың құқықтарын қорғауға және тұтастай алғанда білім беру жүйесін нығайтуға бағытталған шаралар кешенін іске асырады.
⏩ Бүгінде Қазақстанда 6,9 млн бала тұрады, оның 3,9 млн-ы оқушылар, 1 млн-нан астамы балабақшаға барады, ал 556 мыңы колледждерде оқиды.
🔆 2024 жылы құқықтық базаны күшейтіп, балаларды қорғаудың пәрменді тетіктерін енгізуге ықпал еткен үш негізгі заң қабылданды. Олардың қатарында жетім балаларға тәлімгерлік туралы заңдар, сондай-ақ буллингке қарсы күрес, қауіпсіздікті нығайту және кәсіби патронаттық тәрбиені құру шаралары бар. Нәтижесінде жетім балалардың 82%-ы отбасында тәрбиеленеді, ал 3 мыңнан астам жаңа жанұя тауып, 330 адам тәлімгер болды, ал қамқоршылық органдарының штаты 2,5 есеге артты. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап отбасылық құрылымның жаңа нысаны – кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіледі.
🏢 Президенттің тапсырмасы бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орындық 217 мектеп салынуда, 105 мектеп тапсырылды, оның 44%-ы ауылдық жерлерде. 2019 жылдан бастап 1 млн-нан астам оқушыға арналған 1200 мектеп салынды. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған, 2025 жылы бұл көрсеткіш 95%-ға дейін артады. Осы мақсатта жаңадан 64 мың орын ашылады.
➤ Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Дабыл батырмалары мен турникеттер орнатылды, лицензияланған күзет енгізілді және қауіпсіздік нұсқаулары күшейтілді.
➤ Буллингке қарсы күрес жүргізілуде. Сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Күрес шаралары аясында финдік Kiva және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары жұмыс істейді, «Кибер Тұмар» және «Ата-ана бақылауы» науқандары өткізіледі, «Менің бауырым» жобасы іске асырылуда.
➤ Бұл ретте психологиялық қолдау орталықтарының рөлі маңызды. 2024 жылы 250 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасылары көмек алды. Медиация қызметтері мен балалар омбудсмендері жұмыс істейді, тәлімгерлер психологиялық дайындықтан өтеді.
🔆 2024 жылы 510 мың бала 22,2 млрд теңге сомасына «Жалпыға бірдей оқыту» қоры арқылы көмек алды. Көмектің орташа мөлшері әр балаға 43 407 теңгені құрады. 1,7 млн-нан астам оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді, оның ішінде жекеменшік мектептердің 1-4 сыныптарының 25 мың оқушысы бар. Әлеуметтік қолдау аясында кейбір өңірлерде оқушылар үшін тегін жол жүру мүмкіндігі қарастырылған.
➤ Инклюзивті білім беруді дамыту аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 85%-ы қазірдің өзінде қолдау алады. «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» жеке Заң әзірленуде, оның ішінде отбасы мен баланы қолдаудың ведомствоаралық тетіктері бар.
➤ Қосымша білім берумен қамту 86,3% немесе 3,3 млн баланы құрады. 2025 жылы 3,2 млн оқушы жазғы демалысқа шығады, оның ішінде 500 мыңы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар.
🔆 Кәсіптік білім беру жүйесі дамуда. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды: жоғары сынып оқушылары біліктілікке ие болады, ал түлектер колледж дипломдарын алады. 30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтті, колледж түлектерінің 81%-ы жұмысқа орналастырылды. Жұмыс берушілермен бірлесіп 8 мыңнан астам бағдарлама әзірленді. 4 мыңнан астам кәсіпорын колледждермен ынтымақтастық орнатты, 8 жаңа жатақхана іске қосылды. Студенттік шәкіртақы 2 есе көбейді, ал 2,5 млн оқушы кәсіптік бағдарлаумен қамтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal/press/news/details/1012578?lang=kk
Жауап қалдыру