
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 6-3, 21, 30, 33-2, 41, 42-2 және 42-8-баптарында тұтынушылар дауларын сотқа дейінгі тәртіппен шешу тетігі көзделген. Бұл механизм тұтынушы мен сатушы (өндіруші, орындаушы) арасындағы дауларды сотқа жүгінбей-ақ реттеуге мүмкіндік береді, бұл уақытты, шығындарды үнемдеуге және дауларды бейбіт жолмен шешуге жағдай жасайды.
Сотқа дейінгі реттеуге кімдер қатыса алады?
Тұтынушы дауды келесі субъектілердің қатысуымен шешуді сатушыға ұсынуға құқылы:
- арбитраж,
- медиатор,
- тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері,
- қауымдастықтар (одақтар),
- сатушы (өндіруші, орындаушы) мүшесі болып табылатын өзін-өзі реттейтін ұйымдар.
Бұл ретте тараптар жазбаша келісімге келуі қажет. Өтініш тікелей немесе Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы беруге болады.
Сотқа дейінгі реттеу шеңберінде не қаралады?
- Моральдық зиянды өтеу мәселелері (21-бап);
- Айыппұл, өсімпұл, тұрақсыздық айыбын (неустойка) өндіру жөніндегі даулар (30-бап);
- Дауларды арбитраж, медиация және өзін-өзі реттеу саласындағы заңнама талаптарына сәйкес қарау (42-8-бап).
Егер сотқа дейінгі реттеу нәтиже бермесе — тұтынушы сотқа жүгіну құқығын сақтайды.
Сатушылардың міндеттері
Заңның 33-2-бабы бойынша, сатушылар (өндірушілер, орындаушылар):
- уәкілетті органның байланыс деректерін,
- тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу субъектілері туралы ақпаратты,
- тұтынушының оларға немесе сотқа жүгіну құқығы туралы мәліметті
сауда нүктелерінде де, интернет-ресурстарда да міндетті түрде көрсетуі тиіс.
Қоғамдық бірлестіктердің рөлі
Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мен қауымдастықтар (одақтар) дауларды сотқа дейінгі тәртіппен шешу құқығына ие. Алайда олар сол дауда тұтынушының мүддесін өкіл ретінде қорғамауы тиіс, әйтпесе объективтілікке нұқсан келуі мүмкін.
Сотқа дейінгі реттеу – тұтынушылық дауларды сотқа жүгінбей-ақ шешудің тиімді тәсілі. Бұл әдіс тұтынушылар мен бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға оң әсер етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1016555?lang=kk
Жауап қалдыру