
Іс-шараның басты мақсаты — жаппай іс-шаралар өткізу кезінде туындауы мүмкін санитариялық-эпидемиологиялық тәуекелдердің алдын алу, сондай-ақ адамдар көп шоғырланатын жерлерде профилактикалық шараларды күшейту.
Семинарға түрлі мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысты: діни бірлестіктердің басшылары, санаторий-курорттық және сауықтыру мекемелері, соның ішінде балалар лагерлері, қоғамдық тамақтану орындары, спорттық ұйымдар, туристік базалар мен демалыс орындарының өкілдері.
Кездесу барысында аудандық басқарманың мамандары ритуалды мал сою, етті сақтау және дайындау кезінде санитариялық қауіпсіздіктің негізгі аспектілерін жан-жақты түсіндіріп берді. Жаз мезгілі — ішек инфекциялары мен тағамнан улану қаупі жоғары кезең екені ерекше атап өтіліп, санитариялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ жеке және өндірістік гигиена, азық-түлікті дұрыс тасымалдау және сақтау шарттары мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бұған қоса, балалар лагерлерінде және басқа да көпшілік демалыс орындарында тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптар, персоналдың алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өтуі, үй-жайларды тұрақты түрде санитариялық өңдеу және дезинфекциялау міндеттілігі талқыланды.
Семинар ашық диалог форматында өтті: қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді талқылап, нысандардағы санитариялық қауіпсіздікті жақсарту бойынша практикалық ұсыныстар алды.
Іс-шара соңында басқармасының басшысы Сералы Жолдоспаев санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау — жай ғана формалдылық емес, бұл қоғамдық денсаулықты сақтаудың маңызды алғышарты екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1012354?lang=kk
Жауап қалдыру