Халыққа қызмет көрсету – жүрек қалауы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

      Қиындыққа тап болған жанға қол ұшын созу, оған мүмкіндігінше көмек көрсету – шынайы адамгершілік қасиет. Осындай жауапкершілігі жоғары, игі істі абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – Жамбыл облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушы-мейірбикесі Каримбаева Дина Мұратқызы десек еш қателеспейміз. Әр адамның өмірдегі миссиясы бар. Бірі білім берсе, енді бірі Отан қорғайды, ал келесілері адамның денсаулығына шипа берумен айналысады. Ал Дина Мұратқызының миссиясы – зардап шеккен адамдарға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету арқылы өмірлерді құтқару, құтқаруышлардың денсаулықтарын дұрыстауға тікелей атсалысу.

      Дина Мұратқызы 2014 жылдан бастап Жедел-құтқару жасағында құтқарушы-мейірбике ретінде қызмет етіп келеді. Құтқару жұмыстарының ең ауыр сәттерінде де оған медициналық білімі мен тәжірибесінің зор көмегі тиді. Дина Мұратқызы – медициналық көмекті жылдам әрі нақты көрсету арқылы әріптестері мен зардап шеккен азаматтардың сеніміне ие болған жан.      Ол төтенше жағдайлар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді эвакуациялау және олардың жағдайын бақылау сияқты маңызды міндеттерді жоғары деңгейде орындайды. Оның басты міндеттерінің бірі – құтқарушылардың денсаулығын үнемі бақылауда ұстап, кез келген тәуекелдің алдын алу.Ол күн сайын арнайы медициналық тексерулер жүргізіп, қызметкерлердің жалпы жағдайын бақылап отырады. Физикалық және психологиялық күйге тұрақты мониторинг жасау арқылы әріптестерінің қауіпсіз жұмыс атқаруына жағдай жасайды. Төтенше жағдайлардың алдыңғы шебінде жүретін құтқарушылардың денсаулығы – олардың қауіпсіздігі мен қызмет сапасының кепілі.

     Дина Мұратқызының жұмысы – тек кәсіби міндет қана емес, жанашырлық пен мейірімділіктің көрінісі. Ол әрбір қызметкердің жағдайына жіті мән беріп, аурудың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Иммунитетті күшейту, дұрыс тамақтану, еңбек пен демалыс тәртібін сақтау, спортпен шұғылдану – оның күн тәртібіндегі басты тақырыптар. Оның еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды бағыттағы тынымсыз жұмыстар қатарына кіреді. Құтқарушылардың саулығын сақтау арқылы Дина адам өмірін құтқаруға мүмкіндігінше үлес қосып келеді. Алда келе жатқан Медицина қызметкерлері күніне орай Дина секілді өзінің кәсібіне адал жандардың отбасыларына амандық, бақ-береке тілейміз.

Жамбыл облысы ТЖД ИЖ және СКТ

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-zhambyl/press/news/details/1017331?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді