Медицина саласының мәртебесін арттырған — абзал жандардың еңбегі!

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Медицина саласының мәртебесін арттырған — абзал жандардың еңбегі!
Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Жамбыл облысының үздік дәрігерлері мен денсаулық сақтау саласының ардагерлері лайықты марапаттарына ие болды. Облыстың ең үздік ақ халатты абзал жандары бас қосқан салтанатты жиын Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өтті. Бұл кеш облыс халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген білікті дәрігерлер мен сала ардагерлеріне алғыс білдірудің, еңбектерін құрметтеудің айрықша сәтіне айналды.
Медицина саласының майталмандарын кәсіби мерекесімен Жамбыл облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров құттықтап, дәрігер мамандығының қоғамдағы маңызы мен жауапкершілігі зор екенін атап өтті:
– Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз — ұлт денсаулығын нығайтып, халықтың өмірін сақтап қалудағы баға жетпес ерлік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда: жаңа ауруханалар салынып, ауыл медицинасы жаңғыртылып, озық технологиялар енгізілуде. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытындағы жұмысымыз жалғасады. Сіздерге кәсібилік, жауапкершілік және жанқиярлық еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман, еңбектеріңіз жемісті болсын! Еліміз аман, халқымыздың дені сау болғай! Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді Нұржан Календеров.
Өз сөзінде ол ұлттық жоба аясында Жамбыл облысында 28 нысан бой көтеріп жатқанын, Меркі, Шу, Талас аудандарында көпбейінді ауруханалар ашылғанын атап өтті. Алдағы жылдары Байзақ, Қордай және Жуалы аудандарында жаңа аудандық ауруханалар салынып, үш бірдей межаудандар ауруханасы күрделі жөндеуден өтпек. Тараз қаласында 400 орындық көпбейінді аурухана мен жедел жәрдем станциясын салу жоспарланған. 2025 жылы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 млрд теңге, ал радиологиялық зерттеулерді жасанды интеллект арқылы орталықтандырылған жүйеде жүргізуге 3,6 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр.
Мерекелік кештің шарықтау шегі – медицина саласының үздіктерін марапаттау рәсімі болды. Халық денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер, ардагерлер және түрлі сала мамандары еңбегі еленіп, марапатқа ие болды.
Жалпы, 57 медицина қызметкері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Жамбыл облысы әкімінің марапаттарына ие болды:
* ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі — 8 адамға;
* «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі — 14 адамға;
* «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі — 15 адамға;
* ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы — 2 адамға;
* ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хаты — 2 адамға;
* Жамбыл облысы әкімінің «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі — 8 адамға;
* Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы — 5 адамға;
* Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаты — 3 адамға тапсырылды.
Бұл марапаттар — күнделікті өмірде адам өмірін сақтау жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген абзал жандардың еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі. Сонымен қатар, дәрігер кәсібінің қаншалықты маңызды екенін және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына қосқан үлесін айқындайды.
Бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласында 15 мыңнан астам медицина қызметкері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Біз олардың еңбегін жоғары бағалап, кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1017425?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді