Павлодар облысында медицина қызметкерлері марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Естай атындағы мәдениет сарайында өңірдің денсаулық сақтау саласының үздік өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.

Облыс әкімі Асайын Байханов дәрігерлерге жылы лебізін білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол медицина қызметкерлерінің күні — бұл жұмысы білім мен тәжірибені ғана емес, сонымен қатар сезімталдықты, адалдықты және кәсібилікті талап ететін үлкен жауапкершілік арқалаған жандардың мерекесі екенін атап өтті.

– Бірде-бір адам дәрігердің көмегіне жүгінбей тұра алмайды. Аймақ медицинасының әрбір жетістігі – біздің дәрігерлердің, фельдшерлердің, медбикелердің еңбегі. Облыстағы 7 мыңнан астам медицина қызметкерінің әрбірі денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды буын болып табылады, – деп атап өтті өңір басшысы.

Соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау мекемелері белсенді түрде жаңғыртылуда, заманауи жабдықтар сатып алынуда, бұл ауруды дәлірек анықтауға және емдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
2025 жылы облыстың денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жаңартуға 7,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл қаражат сегіз нысанды күрделі жөндеуге және 340-тан астам медициналық жабдықты жаңартуға жұмсалады.
Ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс ауылдарында 30 жаңа нысан салынды. Ағымдағы жылы шалғайдағы ауылдарды санитарлық көлікпен қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ға жетеді.

Мамандыққа деген адалдықтары және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін Асайын Байханов бірқатар медицина қызметкерлеріне наградалар табыс етті. Өңірдің 50-ден астам дәрігері облыс басшысының қолынан Құрмет грамоталарын, алғыс хаттар мен «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін алды.
Кәсіби номинациялардың жеңімпаздары ерекше марапаттарға ие болды. «Алтын скальпель» номинациясына № 1 қалалық аурухананың травматолог-дәрігері Руслан Сыздықов ие болды. Павлодар облыстық балалар ауруханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Қуат Арғынов «Алтын фонендоскоп» атағын жеңіп алды. Ақсу қалалық ауруханасының гинекологиялық бөлімінің меңгерушісі Мұрат Текжанов «Өмір сыйлайтын алтын қолдар» аталымының жеңімпазы атанды.

«Мамандықтағы үздік» байқауының қорытындысы бойынша Екібастұз емханасының әйелдер кеңесінің меңгерушісі Тілектеш Усинова алғашқы медициналық-әлеуметтік көмектің үздік дәрігері болып танылды. «Медицина колледжінің үздік оқытушысы» номинациясының жеңімпазы Павлодар медициналық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Анелия Мапитова болды. Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Құралай Абдарахманова «Санитарлық-эпидемиологиялық саланың үздік дәрігері» аталымының жеңімпазы болып танылды.
Павлодар облыстық балалар ауруханасының хирург-дәрігері Смаилов Совет стационардың үздік дәрігері болып танылды. Сондай-ақ, ол «Қазақстан Республикасы стационарының үздік дәрігері» республикалық байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, мереке құрметіне орай денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне гүлдер мен сыйлықтар табысталды.

Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1017354?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді