
Жыл сайын маусым айында біз Медицина қызметкерлері күнін атап өтеміз — бұл ұлт саулығының күзетінде тұрған жандардың мерекесі. Осы күні біз ондаған жылдарын медицина саласына арнаған, бүкіл өмірін адам игілігіне қызмет етуге бағыштаған ардагерлерімізді ерекше ілтипатпен еске аламыз. Солардың қатарында — санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ардагері Майра Бижанқызы Жангабылова.
Майра Бижанқызы Шығыс Қазақстан облысының көрікті қаласы Өскеменде дүниеге келген. Жастайынан адамдарға көмектесуді армандаған ол мақсатына нық қадаммен бет алды. 1980 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітіріп, күрделі де қадірлі мамандық — санитарлық дәрігер жолын таңдады.
Эпидемиолог дәрігер — жұмысы көбіне көзге көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды маман. Дәл осы мамандар ауруханаларда, балабақшаларда, мектептерде, кәсіпорындарда санитариялық талаптардың орындалуын бақылап, қауіпті аурулардың таралуына жол бермеу үшін еңбек етеді. Майра Бижанқызы осы жауапты саланы Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесінде ұзақ жылдар бойы адал атқарды.
Ол әрқашан жоғары жауапкершілікпен, кәсібилікпен және шын жүректен адамдарға деген жанашырлықпен ерекшеленді. Қай кезде болсын, жұқпалы ауру ошағына дереу барып, эпидемиологиялық тексеру жүргізуге, халыққа қауіпсіздік шараларын түсіндіруге дайын болды. Әріптестері оны ашық жүректі, кез келген жағдайда көмекке келуге дайын жан ретінде еске алады.
Көпжылдық адал еңбегі үшін Майра Бижанқызы Қазақстан Республикасының халық денсаулығын қорғау ісіне сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен марапатталған. Бұл марапат оның кәсіби жетістіктері мен адами қасиеттерінің лайықты бағаланғанының белгісі.
Бүгінде оның өмір жолын еске ала отырып, жүректен шыққан қарапайым, бірақ мағыналы сөздерді айтқымыз келеді: рахмет. Кәсібіңізге адалдығыңызға, таза еңбегіңізге, рухыңыздың мықтылығына және жан шуағыңызға рахмет. Майра Бижанқызы секілді адамдар ұмытылмасын, олардың өмірі жаңа буын санитар дәрігерлеріне үлгі болсын.
Мерекеңіз құтты болсын, құрметті Майра Бижанқызы! Сізге зор денсаулық, амандық, әр күніңіз шаттыққа толы болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1017351?lang=kk
Жауап қалдыру