3 маусым күні Бостандық ауылында «Көк тудың желбірегені» атты аудандық жас патриоттар форумы өтті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырылған форумға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев қатысты.
Форум — тек пікір алмасу алаңы емес, ол — елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, жас буынға патриоттық рухты дарытатын маңызды қадам болды. Жас патриоттар форумы аясында тәуелсіздік пен бірлік, ұлттық рух пен патриотизм идеясын кеңінен насихатталды. «Патриотизм — ұран емес, өмір салты» деген қағидаға негізделген форумда аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Біржан Баймұханов, БҚО мемлекеттік архиві Жалпақтал филиалының директоры, өлкетанушы Миржан Қарабалин, Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілім мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Ділмар» үйірмесінің жетекшісі Гүлнұр Қазбек еркін тақырыпта өз ойларын ортаға салып, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу жөнінде пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.
– Өз ісіне адал болу, айналаңа қамқорлық жасау – мұның бәрі патриотизмнің кішкентай көріністері. Біз – еліміздің болашағымыз. Жастардың күш-қуаты, арманы мен сенімі – елді алға жетелейді. Сондықтан патриотизмді тек сөзбен емес, нақты әрекетпен дәлелдейтін уақыт келді. Жастар ретінде игі бастамалар көтеріп, қоғамды жақсартуға атсалыссақ – бұл үлкен патриоттық қадам, – деген Нұрсұлтан Қаримоллаұлы ауданның тарихын, мәдениетін, көрнекті тұлғаларын жастар арасында насихаттау мақсатында «Ауданым-мақтанышым» жобасын жүзеге асыруды ұсынды.
Ал Біржан Ерсайынұлы жастарды «Отан – отбасынан басталады» деген қағиданы негізге ала отырып отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу қажеттігін баса айтты. Өңірімізге белгілі өлкетанушы Миржан Қарабалин жастарды өз туған жерінің тарихы мен мәдениетін білуге үндеп, ауданымыздың тарихы жөнінде кеңінен ақпарат берсе, Гүлнұр Айдарбекқызы жас буынды тәрбиелеуде рухани білім мен кітаптың алар орны ерекше екенін жеткізіп, жастарды сапалы білім алып, кітап оқуға шақырды.
«Отан — қасиетті, ал оны сүю — парыз!» деген, көк туымызды биікте желбірететін жас патриоттар да спикерлерге көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Форумды аудан әкімінің көмекшісі Асылбек Нәсіпқалиұлы жүргізді.
– «Көк тудың желбірегені» атты жас патриоттар форумы – тәуелсіз еліміздің болашағын айқындайтын, жастардың азаматтық белсенділігі мен отансүйгіштік рухын арттыратын маңызды алаң деп білемін. Форум Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырылып отыр. Біз Мемлекеттік Туымызды биік ұстап, Елтаңбамызды қастерлеп, Әнұранымызға шынайы құрметпен қарап, әрдайым Отан мүддесін бәрінен жоғары қоюымыз қажет. Патриот болу – таза жүрекпен, адал ниетпен, шынайы ықыласпен туған елге қызмет ету. Туған жеріңді жақсы көріп, оны гүлдендіруге үлес қосу – үлкен ерлік. Сіздердің табысты болашақтарыңыз – еліміздің жарқын келешегінің кепілі. Жаңа идеялармен, тың бастамалармен еліңізге қызмет етіңіздер! Біз, сіздердің армандарыңызға қанат бітіруге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірлік бар жерде – береке бар. Рухты жастар бар жерде – мызғымас мемлекет бар! Отанға адал қызмет етуден артық миссия жоқ!, – деген аудан әкімінің орынбасары Серік Ерболатұлы спикерлер мен форум қатысушыларына ризашылығын білдірді.
Салмақты да, мағыналы пікірлер айтылған форумда белсенді жастар рәміздерге құрмет көрсетіп, ауданның көркемөнерпаздарымен бірге рухты әндерді бірге шырқады.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1011474?lang=kk
Жауап қалдыру