
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Шу қалалық ауруханасында болды
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек жұмыс сапары аясында Шу қалалық ауруханасына барып, мекеменің қызметімен танысты және бірқатар медициналық көрсеткіштерге талдау жасады.
Аурухананың бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Нұршат Куляшбекова мекеменің қазіргі жұмысы, кадрмен қамтамасыз етілуі, жабдықталу деңгейі және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жөнінде баяндады. Аурухана 200 төсекке есептелген және құрамында әртүрлі бейіндегі 24 бөлімше бар, бұл өз кезегінде халыққа кең көлемде медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Мұнда барлығы 131 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 42-сі – дәрігер, 89-ы – орта медициналық қызметкер. Аурухана науқастарға тәулік бойы жоспарлы және шұғыл көмек көрсетеді.
Қазіргі таңда мекемеде өзекті мәселе ретінде анестезиолог-реаниматолог маманының тапшылығы сақталып отыр. Бұл маман – операциялық бөлім мен жансақтау бөлімшесінде науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды. Осыған байланысты кадрлық құрамды нығайту және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда.
«Шу қалалық ауруханасын қайта жаңғырту» жобасына келер болсақ, 2024 жылдың ақпан айында мемлекеттік сараптамадан теріс қорытынды алынған. Осыған орай жобалық-сметалық құжаттаманы қайта тапсыру қажеттігі туындап отыр. Бұған дейін жобаның жалпы құны 15,6 миллиард теңгені құраған.
Бюджетті нақтылау шеңберінде 128 медициналық жабдыққа клинико-техникалық негіздеме (КТН) дайындау үшін 9,96 миллион теңгеге өтінім берілген. Жоба қайта пысықталғаннан кейін оның болжамды құны 16 миллиард теңгеге жетіп отыр.
Аталған жоба 2022 жылдан бері жүзеге асып келеді. Егер мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынатын болса, 2025 жылы бұл жоба Ұлттық жоба аясында қаржыландыруға ұсынылады.
Сапар соңында Сержан Назарбек аурухана ұжымына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, әсіресе кадр тапшылығы байқалатын бағыттар бойынша мамандар тарту жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ ол әлеуметтік маңызы бар аурулардан сырқаттану мен өлім-жітім көрсеткіштерін төмендету және ана мен бала денсаулығын сақтау – басым бағыттардың бірі екенін ерекше атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1016696?lang=kk
Жауап қалдыру