Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесімен құттықтауы

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Қадірлі жерлестер!
 
Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
 
Бұл күн – халқымыздың Тәуелсіздігін, бірлігін, ұлттың болмысын айшықтайтын ерекше мереке. Ту, Елтаңба және Әнұран – еліміздің егемендігін бейнелейтін қастерлі құндылықтар. Олар – біздің жүрегімізде, санамызда және әрбір азаматтың бойындағы отансүйгіштік сезімінің символы.
 
Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің, еркіндігіміздің, рухани тұтастығымыздың белгісі. Оларды құрметтеу – әр азаматтың қасиетті борышы. Тудың көкте желбіреуі – Тәуелсіздіктің тірегі, Елтаңбаның алтын шаңырағы – бірліктің белгісі, ал Әнұран – жүректегі елге деген мақтаныштың үні.
 
Біздің ауданымызда да мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жоғары деңгейде. Мектептерде, мекемелерде, қоғамдық орындарда рәміздеріміз заң талаптарына сай ілініп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде үлкен рөл атқарып келеді. Бұл – елге деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі.
 
Құрметті ағайын!
 
Бұл мереке – бізге өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауға үндейді. Мемлекеттік рәміздерімізді ардақтау арқылы біз біртұтас халық екенімізді тағы бір мәрте дәлелдейміз.
 
Осы айтулы күні баршаңызға зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Отанымыздың рәміздері асқақ, ел мәртебесі биік болсын!
 
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болғай!
 
Ізгі ниетпен, Казталов ауданының әкімі Асланбек САРҚҰЛОВ

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1011442?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді