
Бүгін Алғабас ауылында көптен күткен қуанышты оқиға – жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
“Шымкентцемент” ЖШС, аудан әкімдігі және “Киелі Қазығұрт” қоғамдық ұйымы арасындағы үш жақты меморандум негізінде бой көтерген бұл нысан – ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылым теңсіздігін жою жолындағы нақты қадам.
Ашылу рәсіміне қатысып, сөз алған аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов, мемлекет қайраткері Сәуірбай Есжанов, “Шымкентцемент” мекемесінің басшысы И.Г. Пак және басқа да ел ағаларымен бірге, мен де аудандық мәслихат төрағасы ретінде ауыл халқын құттықтап, жылы лебізімді білдірдім.
Жаңа кешен – тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, бұл – арманға апарар жол. Мұнда ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына толық мүмкіндік жасалғанын жеткіздім.
Осындай игілікті істің жүзеге асуына себепкер болған барлық тараптарға – “Шымкентцемент” ЖШС басшылығына, аудан әкімдігіне, ауыл тұрғындарына және спортқа жанашырлықпен қарайтын барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Салтанатты шара барысында аудан спортының дамуына және құрылыс жұмыстарына үлес қосқан бірқатар белсенді азаматтарды аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының Алғыс хаттарымен марапаттадық.
Мерекелік көңіл күйді қазақтың бұлбұл қыздары — Алтынай Жорабаева мен Наркенже Серікбаева әсерлі әндерімен әрлей түсті.
Бұл – бірлескен жауапкершіліктің, ортақ мұраттың жарқын жемісі.
Бұл – Алғабастық жастардың мақтанышы.
Бұл – ел ертеңіне жасалған маңызды инвестиция.
Аудандық мәслихаттың
төрағасы Н.Қойбағаров

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1004441?lang=kk
Жауап қалдыру