АҚЫЛБЕК БЕКТАСОВТЫҢ «ШАБЫТ» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мектеп түлектерінің бірі туған жерге айрықша нысан тарту етсе, енді бірі рухани кеш сыйлады. Соның бірі — Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің артисі, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, жерлесіміз Ақылбек Бектасов. Жалпақталдың перзенті 23 мамыр күні туған ауылындағы мәдениет үйінде «Шабыт» атты шығармашылық кешін өткізді. Кешке аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев қатысты.
 
Рухты оятып, жігерлендірген кештің шымылдығын халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, БҚО камералық оркестрі Кеңес Дүйсекеевтің «Күй» атты шығармасымен ашты. Дирижері — оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Хасанов. Кеш шымылдығы ашылған соң киелі сахнада халқымен жүздескен Ақылбек Болатұлы Бектасов БҚО камералық оркестрінің сүйемелдеуімен Махамбеттің «Жұмыр Қылыш», Ермұрат Үсеновтың «Майра» күйлерін, Дик Дэйлдің «Мисирлоу» композициясын және қыл қобызда Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің артисі, республикалық конкурстардың лауреаты Гаухар Жанғалиевамен бірге Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал БҚО камералық оркестрі Карл Дженкинс «Палладио», Beltane «Bring to the boil», Bill Whelan «Firedance» сынды шетелдік туындыларды орындап, халықтың көңілін серпілтіп, әуезді көңіл-күй сыйлады.
 
Ақылбек Болатұлының өнердегі алғашқы ұстазы жерлесіміз Ахмет Ғиниятұлы. Туған жерінің төрінде шәкірті ұстазына құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, ризашылығын білдірді. Содан соң Құрманғазының «Серпер», «Адай» Динаның «Науысқы», Жантөренің «Шалқыма», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Ербол Ақбасовтың «Уақыт», Төлеген Мұхамеджановтың «Балалық шақ», Дәулеткерейдің «Көроғлы», авторлық «Дороганавосток» шығармаларын орындады.
 
Шығармашылық кеште БҚО камералық оркестрімен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жерлесіміз Айбар Хайырханов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Тарас Жауынбаев, Атамекен өнер ордасы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының «Атамекен» ерлер би ансамблі, Фараби Мергенғалиев, Сиғватолла Ешкаев, диджей Амирхан сынды өнерпаздардың өнеріне халық ерекше құрмет көрсетіп, ризашылықтарын білдірді.
 
Ал кешті Ақылбек Бектасов өзінің авторлық туындысы, туған жеріне арнаған «Шабыт» күйімен қорытындылады. Күй өнерінің сан қырымен таныстырып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
 
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев сөз алып, Ақылбек Бектасовқа аудан әкімінің алғыс хатын және естелік сыйлығын табыстаса, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібекұлы кеш иесі мен қонақтарына алғысын білдірді. Шығармашылық кештен соң туған жердің перзентіне елі ат мінгізіп, құрмет көрсетті.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1003846?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді