
Арқалық қаласының әуежайы екінші тынысын ашуға мүмкіндік алды – Қостанай облысында оны қалпына келтіру бойынша ауқымды бағдарлама басталды. Бұл қадамдар көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кең бастаманың бір бөлігі болып табылады және өңір үшін елеулі өзгерістер әкелмек.
«Авиациялық және көлік логистикасын дамыту – елдің аумақтық тұтастығы мен барлық өңірлерге тең мүмкіндік берудің кепілі», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Ұлттық құрылтайда. Мемлекет басшысының осы сөздері Қостанай облысында нақты іске асуда – Президенттің тапсырмасы бойынша Арқалық әуежайын қайта құру жобасы жүзеге асырылуда.
Жақын арада бұл әуежай қайтадан әуе рейстерін қабылдайтын болады. Қалпына келтіру жобасы тек аймақтық деңгейде емес, стратегиялық тұрғыдан да маңызды. Ол көлік қолжетімділігін арттырумен қатар, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жуырда өңірге жасаған жұмыс сапары барысында аталған жобалардың стратегиялық маңызын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын дамыту мен халықтың мобильділігін арттырудың өзектілігіне назар аударды.
«Қазақстан көлік саласында үлкен әлеуетке ие және өңірдегі басты транзиттік хабқа айналуы тиіс. Біз осы бағыттағы инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келеміз – бұл стратегиялық міндет. Бізде барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Ең бастысы – жобаларды сападан айырылмай, қысқа мерзімде жүзеге асыру. Бұл өңірлердің дамуына зор серпін беріп, экономиканы әртараптандырудың маңызды құралына айналады», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр әуежайды қалпына келтіру жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды.
«Әуежай Арқалыққа облыстың оңтүстік өңірлері мен елдің негізгі қалалары арасындағы байланыстырушы орталық мәртебесін қайтарады. Бұл жай ғана логистика мәселесі емес – бұл бизнес, туризм, қауіпсіздік және орнықты даму үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Жергілікті әуежайды қалпына келтіру қажеттілігі туралы пікірді қала тұрғындары, әсіресе жастар, бұрыннан айтып жүрген болатын.
«Арқалық тұрғындары, әсіресе жастар, бүгінгі таңда қаламызға көрсетіліп жатқан назарды үлкен қуанышпен қабылдады. Біз Мемлекет басшысына өңірлерді дамытуға бағытталған қолдауы мен бастамалары үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Президент құрылтайда атап өткен жобалар Арқалық үшін жаңа перспективалар ашып, экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады. Бұл болашаққа сенім ұялатып, жастарды қаланың және елдің дамуына белсенді қатысуға ынталандырады», – деді «Өркендей бер, туған өлкем» патриоттық акциясының қатысушысы Данияр Қожахметов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1004857?lang=kk
Жауап қалдыру