
Ерлік – елге мұра: Капитан Мұрымбаевты еске алу
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Полиция бөлімінде қызметтік борышын өтеу барысында ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Мұрымбаев Жалелхан Слямханұлы құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Офицерді еске алуға оның әріптестері, аудан әкімдігінің өкілдері, ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев, марқұмның туыстары мен жақындары, сондай-ақ кадет сыныбының оқушылары қатысты. Іс-шара бір минут үнсіздікпен басталып, халық үшін жанын қиған ержүрек офицерге деген терең тағзыммен жалғасты.
Полиция капитаны Мұрымбаев антына адал болып, ерекше ерлік танытты. Ол Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен (қаза тапқаннан кейін) марапатталды.
— «Капитан Мұрымбаев — ерлік пен адалдықтың нағыз бейнесі. Оның қайсарлығы — Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің көрінісі. Ол өз өмірін құрбан етіп, өзгелердің өмірін аман сақтап қалды. Біз оны әрдайым есте сақтаймыз және болашақ полицейлерді оның ерлігімен тәрбиелеуді жалғастырамыз», — деді Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков.
«Жас сақшы» патриоттық сыныбының оқушылары отансүйгіштік тақырыбындағы өлеңдерін оқып, өз өмірін ел жолында сарп еткен жерлес батырдың ерлігін мақтанышпен келер ұрпаққа жеткізуге уәде берді. Себебі, батырлар — оларды жадымызда сақтағанда ғана өмір сүреді.
Полиция капитаны Жалелхан Мұрымбаевтың жарқын бейнесі оны таныған және ерлігі туралы естіген жандардың жүрегінде мәңгі сақталады. Оның есімі — қайсарлықтың, ар-намыстың және Отанға деген өлшеусіз сүйіспеншіліктің үлгісі ретінде ел тарихына мәңгілікке жазылды.
Әке жолын жалғаған ұлы бүгінде Қазақстан халқына қызмет етуді өмірлік мұрат етіп, капитан Мұрымбаевтың артында қалдырған өнегелі жолын абыроймен жалғастырып келеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1004258?lang=kk
Жауап қалдыру