
24 мамыр күні ауданымыздың алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева, аудандық мәслихат депутаты Рауан Есенғазиев, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков, әр жылғы мектеп түлектері мен ұстаздар, ата-аналар қатысты.
Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі 2024-2025 оқу жылын сәтті аяқтап отыр. 18 оқушы мектеп бітірсе, оның ішінде 3 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мектеп ұжымын оқу жылының аяқталуымен құттықтап, жас түлектерге сәттілік тіледі.
— 2024-2025 оқу жылы ауданымыз үшін табысты жыл болды деп айта аламын. Екі оқушымыз республикалық олимпиаданың жеңімпазы және бір оқушымыз осы мектептің түлегі «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жобалар байқауында Айкүн Серікқалиқызы жеңімпаз атанды. Бұл ауданымыздың білім саласының мәртебесін асқақтатқан көрсеткіш. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім саласын дамыту бағдарламасы аясында жылдан-жылға білім саласына бөлінетін қаржы артып, мектептеріміз күрделі жөндеуден өтіп, жаңа мектептер салынуда. Сонымен қатар оқушыларымыздың да жетістігі мол. 2024-2025 оқу жылында жалпы білім беретін 35 мектепте 5333 оқушының 9 сыныбын 457 оқушы, ал 11 сыныпты 306 түлек аяқтаса, оның 30-ы «Алтын белгі» белгіге және 19-ы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. Мектеп түлектеріне ақ жол тілеймін. Еліміздің қай саласында болсын адал қызмет етіп, ел мерейін асқақтатуларыңызға тілекшімін, — деді аудан әкімі.
Салтанатты жиында сөз алған мектеп директоры Мәншүк Жексенова білім бәйгесінде оза шауып, мектеп мерейін өсірген оқушылар мен ата-аналарына алғыс хатын табыстады. Ал мінберден сөз алған мектеп түлектерінің ата-аналары мен ұстаздары, 50, 45, 40, 20, 10 жылдық мектеп түлектер үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп бітірушілерге жылы лебіздерін білдірді. 2024-2025 оқужылындағы мектеп түлектері де сөз алып, ризашылықтарын жеткізді.
— Бүгін біз үшін ерекше күн. 11жыл бұрын мектеп табалдырығын жасқана аттансақ, енді сол мектеппен қимай қоштасып тұрмыз. Осы жылдар ішінде біз тек білім алып қана қоймай, өмірдің алғашқы сабақтарын үйрендік. Қиындықта төзімділікті, жеңісте қарапайымдылықты сезіндік. Дəл осы сəтте ұстаздарымызға, Ғ. Молдашев мектебіне алғыс білдіреміз, сіздер бізге қанат бітірдіңіздер. Сонымен қатар əрдайым жанымызда болып, қолдау көрсете білген ата аналарымызға мың алғыс. Оқы жылы бір кезеңнің аяқталуы болса, біз үшін жаңа бір кезеңнің басталуы. Алда ҰБТ. Жаңа армандар. Үлкен армандар. Қандай жолды таңдасақта мектепке деген сағынышымыз бен алғысымыз əрдайым бізбен бірге жүреді. Рахмет саған мектебім, — деді Айкүн Серікқалиқызы.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1003842?lang=kk
Жауап қалдыру