
23.05.2025жылы оқу жылының аяқталуына орай салтанатты шараға Аягөз ауданы білім бөлімі басшысы Н.Т.Азимбаев, Оқу-Ағарту министрлігінің өкілі, Абай облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің сырттай бағалау бөлімінің басшысы Г.С.Сейтказина және Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары А.Х.Нускенова “Қалалық қазақ мектеп-лицейі” КММ-не келіп қатысты. Мектеп-лицейіндегі бітіруші түлектерді, ұстаздар мен ата-аналарды мерейлі мерекемен құттықтады. Мектеп-лицейі биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Үздік 100 мектептің» қатарына еніп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ғ.Бейсенбаев атынан берілген “Үздік мектеп – 2025” атағын иеленді.
Атап өту керек, бұл 30 жылдық тарихы бар “Қалалық қазақ мектеп-лицейінің” төртінші мәрте “100 үздік ұйымның” қатарына енуі. Жоғары марапат мектеп директоры Н.М.Жароваға табыс етілді.
Қалалық қазақ мектеп-лицейінен биыл 42 түлек түлеп ұшпақшы. Оның 11-і “Алтын белгіге” үміткер, 6-ы “Үздік аттестатқа” үміткер болып жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр.
Бөлім басшысы Н.Т.Азимбаев сөзінде бұл күн білім мен тәрбиені қатар алып жүрген ұстаздар үшін де, жаңа өмірге аяқ басқалы тұрған оқушылар үшін де толқынысты сәт екенін, сонымен бірге биылғы түлектерін ұядан ұшырғалы отырған сынып жетекшілеріне және ардагер ұстаздарға алғысын білдіріп, қоғамдағы мұғалім беделін көтеру мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ayagoz-roo/press/news/details/1003891?lang=kk
Жауап қалдыру