
2025 жылғы 24 мамыр күні Қаратал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында барлық елді мекендерді қамтыған кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету.
Сенбілікке аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, білім және денсаулық сақтау саласының мамандары, жастар ұйымдары мен еріктілер белсене қатысты. Ұйымдасқан түрде өткен тазалық жұмыстары барысында көшелер мен аулалар, қоғамдық орындар, мекеме аумақтары тазартылып, тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстар жиналды. Сонымен қатар, қураған және апатты жағдайдағы ағаштар кесіліп, бұталар қырқылды.
Экологиялық акция шеңберінде көгалдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілді. Жасыл желектерге су құю, ағаштар мен гүлдерді суару арқылы көгалды аймақтар жаңартылып, елді мекендердің көркі арта түсті. Бұл жұмыстар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналды.
«Таза Қазақстан» акциясы — табиғатты аялау мен туған өлкенің тазалығына деген қамқорлықты арттыру бағытында қолға алынған маңызды бастама. Қаратал ауданының тұрғындары жыл сайын бұл шараға бір кісідей атсалысып, өңір экологиясын жақсартуға үлес қосып келеді.
Аталған сенбілік табиғатты қорғауға бағытталған іс-шаралардың жалғасы ретінде аудан көлемінде тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Мұндай игі істер арқылы экологиялық мәдениет деңгейі артып, болашақ ұрпаққа таза әрі жайлы өмір сүру ортасы қалыптасары сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal/press/news/details/1003786?lang=kk
Жауап қалдыру