Батырдың туған жері – Қобда ауданы Бұлақ ауылындағы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты шара Кеңес Одағының Батыры, тарихи тұлға Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова, депутаттар мен мерген қыздың туыстары, тұрғындар Әлияның есімін ұлықтап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейін музей-үйіне экскурсия жасалып, батыр қызымыздың өмір жолымен, ерлігімен жақын танысты.
Шаралар Қобда ауылында жалғасты. Қазақтың мерген қызының мерейтойына 80 киіз үй құрылды, осылайша этноауыл бой көтерді. Ғасырлық тойға жиналған қонақтар қазақтың ұлттық ойындарын тамашалап, алтыбақанда ойнап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Қонақтар Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі өрнектелген театрландырылған көріністі тамашалады. Бұлақта туып өскен қаршадай қазақ қызының ғұмыры сахналық қойылымда ерекше бейнеленген. Спектакль тарихты ғана емес, батыр қыздың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлік пен елдікті, рух пен күшті айырықша көрсетті.
Мерекелік көңіл-күй концерттік бағдарламамен жалғасты. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әртістері мен қобдалық өнерпаздардың жарқын нөмірлері көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Жауап қалдыру