
Меркі аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстанның Құрметті жазушысы, “Құрмет” орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын Шырын Бөкейқызы Мамасерікованың 80 жылдық мерейтойына арналған “Өлеңі – өмірі” атты жыр мүшәйрасы өтті.
Шараның мақсаты – ақын шығармашылығын кеңінен насихаттап, жастардың бойына отансүйгіштік пен әдебиетке деген сүйіспеншілік дәнін себу болды. Байқауға ауданның әр өңірінен келген жеті жас ақын қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Мүшәйра үш кезең бойынша өткізілді. Алғашқы кезең – “Жүрегі жырдан жаралған” деп аталып, қатысушылар ақынның туған жерге және Меркі өңірінен шыққан тарихи тұлғаларға арналған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Екінші кезең – “Қасыңда жүр жақсы адам” тақырыбымен арнау жырларға арналды. Ал соңғы, үшінші кезеңде “Бала − ананың жан жүрегі” атты тақырып аясында ақынның ұлына арналған лирикалық өлеңдері оқырман жүрегіне жол тартты.
Сонымен қатар, ақынның айтыс өнерінің майталманы, Меркі мақтанышы марқұм Өмірбек Қабыловқа арнаған “Жарқылдаған жан аға!” атты жыры да оқылды. Бұл туындыны кітапхананың белсенді оқырмандары − Е.Төлеу, Ә.Отарбаева және К.Қанатбекқызы жүрек тебірентерлік әсермен жеткізіп, көрермен ықыласына бөленді. Айтыскердің қызы Әшіркүл Өмірбекова шара соңында сөз алып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады.
Мүшәйра қорытындысында бас жүлде Есенәлі Мединаға бұйырса, І орын – Солтанаева Бұлбұлға, ІІ орын – Сәрсенбай Білімжан мен Серік Санжарға, ІІІ орын – Ернар Мадина, Құрманби Жанайым және Нұржан Томириске табысталды.
Бұл әдеби кеш − ақын рухына тағзым етіп, жас ұрпақтың сөз өнеріне деген ықыласын арттырған тағылымды да мәнді шараға айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1018009?lang=kk
Жауап қалдыру