«Ғасырларға жалғасқан ерлік» республикалық форумы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Форумға қатысу үшін Ресейден және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен делегациялар келді. Бұл шара мерейтойлық жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі ретінде атап өтілді.

Форумның мақсаты — батырлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмнің символына айналған мерген қыздың рухына тағзым ету. Шараға мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және ғылым саласының өкілдері, сондай-ақ батырдың туыстары қатысты.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атынан форумға қатысушылар мен ақтөбеліктерді осы маңызды тарихи оқиғамен құттықтады.

«Әлия Молдағұлова – бүкіл қазақ халқының мақтанышы, қайсар рух пен жанқиярлықтың символы. Бүгінгі форум – тарихи жадымызды сақтау мен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу жолындағы ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Форумды ұйымдастырған барша азаматтарға, Әлия Молдағұлованың ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға атсалысып жүрген жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке, ұлттық құндылықтарға адалдыққа баулып келесіздер», – деді Президент кеңесшісі.

Шараға қатысушыларды Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров та құттықтап, батыр есімін ұлықтау бағытында өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында жаңа мәдениет орталығы мен мемориалдық музей салынып жатыр, сондай-ақ Әлия ауылында инфрақұрылым дамып келеді.

Асхат Шахаров өз сөзінде педагог әрі қоғам қайраткері, Әлияның ерлігін зерттеуге және жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруге өмірін арнаған Ғалымжан Байдербестің еңбегін ерекше атап өтті.

Форум – ұрпақтар сабақтастығының, тәжірибе алмасудың және Әлия Молдағұлованың ерлігін ұлттық тарих пен мақтаныштың ажырамас бөлігі ретінде дәріптеудің маңызды алаңына айналды.

#Әлия100жыл
#ӘлияҒұмыр
#ӘлияМолдағұлова100
#АқтөбеӘлия

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-aitekebi/press/news/details/1017904?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді