
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өзекті әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін тыңдады. Қабылдау барысында 6 тұрғыннан 7 түрлі мәселе көтерілді. Әрбір мәселе бойынша жауапты сала басшылары қатыстырылып, нақты шешу жолдары белгіленді.
Жер мәселесі көтерілді. Азамат ауыл ішіндегі жер теліміне қатысты мәселесін айтып, оны рәсімдеу мен пайдалану тәртібіне қатысты түсініктеме сұрады. Жауапты бөлімге жердің құқықтық мәртебесін нақтылап, тиісті құжаттарын реттеу тапсырылды.
Тұрғын үйге мұқтаждық мәселесі қозғалды.
Қабылдауға келген азамат жеке тұрғын үйдің жоқтығын айтып, көмек сұрады. Бұл мәселе бойынша тұрғын үй кезегі мен заңдылығы түсіндіріліп, тиісті бөлімге өтінішін рәсімдеп, кезекке қою жөнінде кеңес берілді.
Балалар ойын алаңшасының қажеттілігі айтылды. Ауылда балаларға арналған ойын алаңының жоқтығы туралы мәселе көтерілді. Аудан әкімі бұл мәселені зерделеп, келесі жылға арналған инфрақұрылымдық жоспарға енгізу бойынша тапсырма берді.
Мемлекеттік грант конкурсының нәтижесіне наразылық білдірілді. Тұрғын жаңа бизнес идеяларға берілетін грант конкурсының әділ өтпегеніне шағымданды. Қабылдау барысында аудандық Мансап орталығы мен әлеуметтік бағдарламалар бөліміне конкурстың ашықтығын тексеру және заңдылық бойынша түсініктеме беру тапсырылды.
Мал жайылымы мәселесімен салынған айыппұлға шағым түсті. Егістік алқапқа кірген мал үшін салынған айыппұл негізсіз деген уәж айтылды. Бұл мәселе бойынша ауыл әкімдігі мен полиция бөліміне жан-жақты тексеру жүргізу, мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Қабылдау нәтижесінде әрбір мәселе жеке қаралып, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді. Аудан әкімі азаматтардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын, барлық сұрақтар заң аясында әрі кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1018002?lang=kk
Жауап қалдыру