
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби аудандарына барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын қадағалады. Аппарат басшысы атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Төлеби ауданындағы нысандар да зерделенді. Ең бірінші «Қарақуыс» су қоймасының жай-күйімен танысты. Төлеби ауданы аграрлы аймақ болғандықтан, каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органның назарында. Осы мақсатта Кемеқалған ауылдық округіндегі «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Су айдынының сыйымдылығы – 1040 мың шекше метр, жалпы аумағы 13 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Еркебұлан Дауылбаев су қоймасының құрылысына қатысты мердігер мекеме, техникалық қадағалаушы мекеме басшыларына жолығып, ауқымды жобаның сапалы және мерзімімен жүзеге асуын тапсырды.
Ауданға қарасты Киелітас елдімекенінде Мәдениет үйі салынып жатыр. Одан бөлек Достық, Қосағаш, Ынтымақ елдімекендерінде 900 орындық және 300 орындық жайлы мектеп пен 150 оқу орындық жалпы орта мектеп бой көтеруде. Биыл оқу жылына орай 3 мектеп пайдалануға берілмек. Одан бөлек, Ленгір қаласында 5 қабатты 3 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Көксәйек елдімекенінде спорт кешені мен «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 600 орындық білім ұясы салынуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1017667?lang=kk
Жауап қалдыру