
Қарасай аудандық полиция басқармасында жас қызметкерлері ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесті. Бір үстел басына құқық қорғау саласының ардагерлері, тәлімгерлер кеңесінің мүшелері мен қызмет жолын енді бастаған жас полицейлер жиналды. Бұл кездесу жас қызметкерлер мен ардагерлерге де маңызды. Полиция қызметіндегі кәсіби және рухани құндылықтардың сабақтастығы мен үздіксіз байланысының айқын көрінісі.
Іс-шараның мақсаты – тек тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен қатар, рухани және кәсіби байланысты нығайту. Халыққа адал қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге өмірін арнаған ардагерлерге жас полицейлер алғысын білдірді. Олардың өмірлік және қызметтік мол тәжірибесі – жас әріптестері үшін батырлықтың, ар-намыстың және принципшілдіктің нағыз үлгісі.
– Бұл кездесу – жас қызметкердің кәсіби қалыптасуындағы бейресми, бірақ өте маңызды кезең. Қарапайым жедел уәкілден құрметті тәлімгер дәрежесіне дейін жеткен жандардан үйрену – мамандықтың ең үздік қасиеттерін бойға сіңіру деген сөз, – деді ұйымдастырушылар.
Кездесу барысында ардагерлер қызмет барысындағы естеліктерімен бөлісіп, жас буынға ақ батасын беріп, полиция жұмысының адамгершілік қағидаттарына тоқталды. Жас полицейлер бұл ақыл-кеңесті құрметпен тыңдап, ардагерлердің жолын жалғастыру – олар үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
Мұндай шаралар Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық және қызметке деген беріктіктің ұрпақтан ұрпаққа берілетін құндылықтар екенін нақты дәлелдейді. Осы рухани байланыстың алдағы уақытта да нығая түсуі – қазақстандық полицияның берік іргетасын қалыптастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-alm/press/news/details/1017785?lang=kk
Жауап қалдыру