
ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЖЕКПЕ-ЖЕКТЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН ҚР АШЫҚ КУБОГЫ ӨТТІ
Халық арасында қазақтың жекпе-жек спорт өнерін кеңінен тарату, әлемдік деңгейде мәртебесін көтеру және рухани байлыққа, салауатты өмір салтын насихаттау, патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, жастар арасында нашақорлыққа қарсы дағдыны қалыптастыра отырып қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің деңгейін, дәрежесін одан әрі көтеру мақсатында Жетісай қаласындағы «Б.Саттарханов» атындағы спорт кешенінде Орталық Азия мен Қазақстан Республикасының ашық кубогы өтті.
Ерлер мен әйелдер арасында өткен байрақты бәсекеге Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елдері мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарынан 18 жастан асқан 70 спортшы қатысып, ерлер 9 салмақ дәрежесінде, әйелдер 5 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, Кеңес одағына еңбегі сіңген спорт шебері, Дүниежүзілік жекпе-жек қауымдастығының президенті Сабыржан Махметов пен Қазақстан Республикасы жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Ержан Байжұмаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Әскери-жауынгерлік өнерімен қоса спорттың барлық түрлерін бір ортаға тоғыстырған чемпионатта командалық есепте жүлделі ІІІ орынды Шымкент қаласының спортшылары иеленсе, ІІ орынға Абай облысының құрамасы табан тіреді. Ал, жүлделі І орын Түркістан облысының құрамасының қанжығасына байланып, жеңімпаз атанды.
Барлық жеңімпаздар арнайы белбеулермен, дипломдармен және медальдармен, демеушілер есебінен арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kogamdyk-damu/press/news/details/1017804?lang=kk
Жауап қалдыру