Көкшетауда Судьялар одағының XI Спартакиадасының іріктеу кезеңі басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының XI Спартакиадасының аймақтық іріктеу ойындарының салтанатты ашылуы өтті. Бұл спорттық шара еліміздің солтүстік өңірлеріндегі сот жүйесі өкілдерін бір арнаға тоғыстырды.

Спартакиада аясындағы жарыстарға Жоғарғы Сот, Әскери сот, Астана қаласының соттары, сондай-ақ Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының судьяларынан құралған командалар қатысуда. Бағдарлама аясында қатысушылар мини-футбол, волейбол, арқан тарту, бильярд, үстел және үлкен теннис, тоғызқұмалақ, шахмат пен дойбы сынды тоғыз спорт түрінен сайысады.

Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушылар мен қонақтарға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөз сөйледі.

«Судьялар одағының дәстүрлі спартакиадасы – бұл жай ғана спорттық дода емес. Бұл – қоғамдағы серіктестік пен бірлікті нығайтатын, салауатты өмір салтын насихаттайтын маңызды оқиға. Сот жүйесінің қызметкерлері – еліміздегі әділет пен құқықтық тәртіптің тірегі. Мұндай шаралар олардың еңбегінің маңызын айшықтай түседі», — деді өңір басшысы.

Көкшетауда өтіп жатқан іріктеу кезеңі – XI Спартакиаданың аймақтық турнирі. Жеңімпаздар күзде Шымкент қаласында өтетін финалдық кезеңге жолдама алады. Судьялар одағының төрағасы Әмір Досжан өз сөзінде бұл спорттық дәстүрдің ел ішіндегі маңызын тілге тиек етті.

«Судьялар спартакиадасының тарихы осыдан 23 жыл бұрын басталған. Бүгін алты команда іріктеу кезеңінде бақ сынауда. Күзде Шымкентте үздіктер бас қосып, ақтық кезең өтеді. Бұл ауқымды спорттық оқиғаға мемлекет тарапынан, тіпті Мемлекет басшысының өзі де айрықша назар аударып отыр. Сайысқа түрлі жастағы судьялар қатысуда, оның ішінде ең жасы үлкені – 72 жаста. Ол да жастармен йық тіресіп, белсенді түрде өнер көрсетіп жатыр», – деді Әмір Досжан Сарманқұлұлы.

Шара барысында қатысушы командалардың шеруі, жергілікті өнер ұжымдарының концерті мен жарыс кестесінің таныстырылымы өтті. Спорттық бәсекелер Көкшетау қаласының түрлі спорт нысандарында өтуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1003444?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді