
Жел энергетикасы — Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы инвесторлар үшін ең тартымды бағыт болып табылады. Бұл елдің жоғары жел әлеуетіне байланысты: жыл бойғы орташа жел жылдамдығы электр энергиясын тиімді өндіруге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жел электр станциялары (ЖЭС) ЖЭК нысандарының жалпы қуатында ең үлкен үлесті алады — шамамен 3 ГВт ішінен 1,5 ГВт астамы жел энергетикасына тиесілі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі 2030 жылға дейін Бірыңғай сатып алушымен жасалған келісімшарттарды және алдағы аукциондық сауда-саттықты ескере отырып, жалпы қуаты шамамен 3,1 ГВт болатын жаңа ЖЭС салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалардың басым бөлігі Қарағанды, Ақтөбе және Қостанай облыстарында жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, ірі халықаралық компаниялар да Қазақстанның жел энергетикасына белсенді түрде инвестиция салуда: Жамбыл облысында Masdar (БАӘ) және TotalEnergies (Франция), Павлодар облысында CPIH (Қытай), Қарағанды облысында China Energy (Қытай) жалпы қуаты 3,5 ГВт болатын ЖЭС салу жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл станциялар электр энергиясын жинақтау жүйелерімен жабдықталады.
Осының бәрі Қазақстан жел энергетикасына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын дәлелдейді және оны «жасыл» экономиканы дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналдырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1003536?lang=kk
Жауап қалдыру